Павлодарда ақ халаттылар теннис ойнап, тұрмыстық техника ұтып алды
Турнирге 50-ден астам қызметкер қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, «Senim» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлері салалық кәсіптік одағы облыстық филиалының қолдауымен ұйымдастырылды.
Өңірдің медицина қызметкерлері арасында үстел теннисінен облыстық турнир Павлодар медициналық жоғары колледжінің спорт залында өтті.
– Іс-шараның негізгі мақсаты - денсаулық сақтау саласының көптеген қызметкерлерін дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға тарту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, үстел теннисін кеңінен насихаттау, сондай-ақ медициналық мекемелердің бір-бірімен өзара әрекеттесуін қамтамасыз ету, – дейді басқармада.
Облыстық, қалалық және аудандық ұйымдардың 54 медицина қызметкері қатысты. Нақтырақ айтқанда, 15 ерлер және 12 әйелдер командасы қатысты.
Жарыс қорытындысы бойынша ерлер ұжымы арасында – «Мойылды шипажайы» командасы көш бастады, күміс жүлдені Павлодар қаласының №3 емханасы алса, қола жүлде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің командасына бұйырды.
Жалпыкомандалық есепте департамент командасы турнир жеңімпазы атанып, бірінші орынды иеленді.
Айта кету керек, жүлдегерлер «Мечта» сауда үйінің тұрмыстық техника сатып алуға арналған сертификаттарын және «Senim» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің кәсіподағынан сыйлықтар алды.