Павлодарлық спортшылар ел чемпионатынан көшбасшы атанды
Тоғызқұмалақтан өткен турнирде медаль саны бойынша өңір спортшылары алдыңғы орынға шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, жоғары дәрежедегі ұлттық төреші, облыстық тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Арыстан Қапаевтың мәлімдеуінше, 21-31 наурыз аралығында Өскемен қаласының Жекпе-жек сарайында тоғызқұмалақтан жасөспірімдер мен жастар арасындағы жекелей ҚР чемпионаты өтті.
– Чемпионатқа 3 қала мен 16 облыстан 367 спортшы, оның ішінде Халықаралық деңгейде спорт шебері – 2, ҚР спорт шебері – 28, ҚР спорт шеберіне үміткер – 203 және қалғаны І, ІІ дәрежелі спортшылар келді, – делінген хабарламада.
Аталмыш турнирде облыс намысын 24 спортшы қорғады.
Жарыс 15, 17, 19, 21 жастағы ұлдар және қыздар топтары арасында «Классика», «рапид» және «блиц» түрлері бойынша өтті.
Турнир қорытындысы бойынша өңір спортшылары 7 алтын, 6 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды:
- «Классика» түрі бойынша алтын медальді 17 жастағы қыздар арасында Аружан Сәлмен және 21 жастағы қыздар арасында Жамиля Баилдяшева, күміс медальді 21 жастағы ұлдар арасында Ерасыл Әутәліпов, қола медальді 15 жастағы қыздар арасында Елдана Оралбай иеленді;
- «Рапид» түрі бойынша бірінші орын Жамиля Баилдяшева, Ерасыл Әутәліпов және 17 жас ұлдар арасында Тамерлан Сапар, екінші орын 21 жастағы қыздар арасында Аяжан Егінбай және 15 жастағы ұлдар арасында Нұрхан Тоқтасын, үшінші орын Елдана Оралбайға бұйырды;
- «Блиц» түрі бойынша алтынды 15 жастағы ұлдар арасында Азамат Халел және Аяжан Егінбай, күмісті Елдана Оралбай, Аружан Сәлмен, 19 жастағы қыздар арасында Аяна Темірболатова, қоланы Жамиля Баилдяшева жеңіп алды.