Павлодарда еліміздің ең мықты командалары бас қосты
2012 жылға дейін туған жасөспірімдер арасындағы футболдан Қазақстан чемпионатының бесінші туры басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Матчтар «Спорт сити» кешенінде өтуде. Турнир «Қызылжар» мен «Атырау» арасындағы кездесумен басталды. Петропавлдың балалары мұнайлы өлкенің ұландарын 3:0 ойсырата ұтты.
Әрі қарай алаң қожайындары «Ақсу» футбол орталығының өрендері сөз алды. Олар қызылордалық «Қайсарға» қарсы ойнады. Оңтүстіктен келген футболшылар матчты өте белсенді бастап, өз қарқынымен павлодарлықтардың мысын басуға тырысты. Алайда Нұрлан Байжұманов шәкірттері қонақтардың шабуылдарына тойтарыс беріп, допты да әрі қарай ойын тізгінін де өз бақылауына алды.
«Ақсу» есеп ашып, кездесу тағдырын бірінші таймда шешетін бірнеше сәттерді кәдеге асыра алмады. Дегенмен, екінші таймда Нұрлан Байжұманов шәкірттері дегеніне жетіп, ақыры 4:0 есебімен жеңіске жетті.
- Бірінші кезекте жігіттерге алғыс айтамын – олар барлық айтқандарымызды жүзеге асырды, - деді «Ақсу» бас бапкері Нұрлан Байжұманов. – Бесінші турды асыға күттік. «Қайсармен» бұрын ойнамаған едік, алайда барынша зерттедік, қызылордалықтардың оңай қарсылас екендігіне көз жеткіздік. Жігіттер жарады, барлық күшін сарпыды.
Бас бапкердің сөзіне қарағанда, «Ақсу» бесінші турда мүмкін болатын ұпай санын жинап, Талдықорғанда өтетін соңғы тур алдында сақадай сай болуға әзірленуде. Бапкерлер өткен турларда ойнамаған футболшыларды да қатыстыруды жоспарлануда, өйткені олар да ойын тәжірибесін жинауы қажет.
Чемпионаттың бесінші туры 9 қыркүйекке дейін жалғасады. Жоғарыда аталған командалардан өзге Павлодарла өскемендік «Алтай», семейлік «Елімай», ақтаулық «Каспий» және «Ақтөбе» өнер көрсетуде.