Павлодарда Конституцияның Брайль қарпіндегі басылымы жарық көрді

Павлодарда Конституцияның Брайль қарпіндегі басылымы жарық көрді
Фото: автор

Ол шектеулі тиражбен шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

С.Торайғыров атындағы кітапханада ерекше кітаптың тұсаукесері өтті. Аталмыш кітап Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының бастамасымен Астанада басылып, еліміздің барлық өңірлеріне тегін таратылды. Оның 4-5 данасы Павлодар өңіріне дейін жетті. Енді оқырмандар Конституцияны рельефті-нүктелік қаріпте екі кітапханада – облыстық арнайы кітапханада және Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада оқи алады.

– Бұл кітап шектеулі тиражбен келді: бірнеше данасы мемлекеттік тілде, бірнешеуі орыс тілінде. Айта кету керек, қазақ тіліне бейімделген Брайль қарпінде 9 ерекше әріп қосылған. Бұл үлгіні павлодарлық жерлесіміз әзірлеген. Конституция – әр азаматтың құқықтарын айқындайтын негізгі құжат. Көру мүмкіндігі шектеулі жандар үшін оны қолжетімді форматта оқу аса маңызды, – дейді көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған облыстық арнайы кітапхананың жетекшісі Жамал Кенжебекова.

Оның айтуынша, Конституцияның аудио нұсқасы да бар. Әркім ақпаратты әртүрлі қабылдайды: бірі оқығанды жақсы түсінсе, енді бірі тыңдау арқылы жеңіл меңгереді. Сол себепті зағип жандар үшін де таңдау мүмкіндігі кеңейіп отыр.

Қазақ зағиптар қоғамының облыстық филиалының төрағасы Дүйсенбі Қабдулов та бұл бастаманың маңызын атап өтті.

– Конституция күніне орай осы кітапханада бас қосып отырмыз. Біздің қолымызда Конституцияның бірнеше нұсқасы бар: жалпақ баспа форматында, Брайль қарпінде және флешкаға жазылған MP3 аудио нұсқасында. Көпшілігі жұмысқа келгенде немесе қажет болғанда қажетті баптарын тауып алып оқиды. Мәселен, 28-бапта азаматтарға ең төменгі жалақы мен әлеуметтік төлемдердің мемлекет тарапынан кепілдендірілетіні жазылған. Бұл – баршамыз үшін маңызды, – деді ол. 

Сондай-ақ, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқанда өз пікірімен бөлісті.

– Қазіргі заманда кітап оқудан алыстап бара жатқан кезеңде зағип жандарға осындай еңбектің жарық көруі – құнды бастама. Бұл кітап арқылы көру мүмкіндігі шектеулі азаматтар да өз құқықтарын толыққанды тануға мүмкіндік алады. Әрбір адам – қоғамның мүшесі. Сіздердің өмірге деген құштарлықтарыңыз бізге үлгі. Кітапханалар тек оқырманға кітап беріп қана қоймай, заманауи талаптарға сай қоғамға қажетті жобаларды жүзеге асырып келеді, – деді ол.

Конституция күні аясында ұйымдастырылған бұл іс-шарада қатысушылар еліміздің басты заңы әр азаматқа қолжетімді болуы тиіс деген пікірді ортаға салды.