Павлодарда полиция студенттермен нашақорлықтың алдын алу мәселесін талқылады

Павлодарда полиция студенттермен нашақорлықтың алдын алу мәселесін талқылады
Фотосуреттерді Павлодар облысының полиция департаменті ұсынды

Кездесу барысында есірткі заттарын қолданудың зияны, қылмыстық жауапкершілік және өңірдегі есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл шаралары сөз болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жоғары электроника және коммуникациялар колледжінде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кездесу өтті. Іс-шараға есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы Нұржан Байбуринов қатысып, студенттермен пікір алмасты.

Кездесуде нашақорлықтың қоғамға тигізетін зияны, оның алдын алу шаралары және есірткі заттарын заңсыз сақтау мен таратқаны үшін қарастырылатын қылмыстық жауапкершілік мәселелері қозғалды. Полицей өңірдегі есірткі қылмысына қарсы күрес бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып, нақты тәжірибелік мысалдар келтірді.

Студенттер нашақорлықтың жастар арасында таралу қаупіне ерекше назар аударып, заңсыз есірткі айналымының алдын алу шаралары туралы сұрақтар қойды. Тәртіп сақшысы салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын атап өтіп, кез келген күмәнді жағдайларда құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырды.

Кездесу соңында студенттер есірткіден аулақ болуға уәде беріп, өз ойларымен бөлісті.

Нұржан Байбуриновтың айтуынша, нашақорлық пен есірткі қылмысымен күресудің ең тиімді жолдарының бірі – алдын алу шараларын күшейту.