«Taza Start»: павлодарлық еріктілер жағажайды қоқыстан тазартты
Өңірде экологиялық марафон ұйымдастырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шара «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өтті. Волонтерлер, белсенді жастар және «Заң мен тәртіп» идеологиясының амбассадорлары жағалау аумағын тазарту үшін күш біріктірді.
Акция барысында қатысушылар Усолка шағын ауданындағы жағажайды тұрмыстық қалдықтардан тазартып, жиналған қоқысты сұрыптады. Сонымен қатар, демалушыларға табиғатты аялаудың қарапайым қағидаларын түсіндіріп, қоршаған ортаның тазалығын сақтаудың маңыздылығын еске салды.
Жастар бастамаларын дамыту орталығы директорының міндетін атқарушы Жандарбек Қабдраштың айтуынша, акцияның басты мақсаты – қаланы таза етуден бөлек, қоршаған ортаға деген жауапкершілік әр адамның өзінен басталатынын көрсету.
– Бүгін Павлодар облысының жастары қалалық жағажайды тазалауға шықты. Шомылу маусымы басталғанымен, демалушылардың арасында тазалық сақтай бермейтіндер бар. Сондықтан, біз өз үлгіміз арқылы табиғатқа ұқыпты қараудың қаншалықты маңызды екенін көрсеткіміз келеді, – деді ол.

Павлодар облыстық волонтерлердің өңірлік фронт-офисі басшысының міндетін атқарушы Тамирис Бисеенованың пікірінше, мұндай шаралар жастарды қоғамдық пайдалы бастамаларға көбірек тартуға мүмкіндік береді.
– Біз үшін жағалауды тазалау ғана емес, адамдарға қоршаған ортаға жанашырлықпен қараудың маңызын түсіндіру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және жастарды еріктілік қызметке тарту маңызды. Осындай акциялар табиғатқа жауапкершілікпен қарауды насихаттап, әр адамның тазалықты сақтауға өз үлесін қоса алатынын дәлелдейді, – деді ол.

Акцияға «Заң мен тәртіп» идеологиясының амбассадоры Жәмилә Бұламбаева да қатысты.
– Осындай экологиялық бастаманың бір бөлігі болғаныма қуаныштымын. Мұндай игі шаралар кішкентай ғана жақсылықтың өзі үлкен өзгеріске жол ашатынын көрсетеді. Біздің үлгіміз жастарды табиғатты қорғауға және тазалықты сақтауға ынталандырады деп сенемін, – деді ол.

Тазалық жұмыстарынан кейін қатысушылар үшін шағын экологиялық кездесу ұйымдастырылды. Онда қалдықтарды бөлек жинау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және экологиялық әдеттерді қалыптастыру туралы айтылды. Кейін волонтерлер демалушылармен әңгімелесіп, қалалық жағажайлардың тазалығы коммуналдық қызметтерге ғана емес, әр тұрғынның жауапкершілігіне де байланысты екенін еске салды.