Жастар күні: Павлодарлықтар қандай көрмеге тегін бара алады?
«12 игі іс» акция аясында кейбір мұражайларға кіру тегін болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қазақстанда 12 тамызда Халықаралық Жастар күнi мерекесі тойланады. Осыған байланысты әр облыста «12 игі іс» қайырымдылық акциясы басталды. Бұған өңіріміздің мұражайлары қосылып, акцияға қолдау білдірді.
– Мұндай шараның мақсаты – жастардың ой-өрісін кеңейту, рухани және адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру, жастардың шығармашылық және көшбасшылық әлеуетін жандандыру, – деді Павлодар облыстық өнер мұражайы қорының басшысы Ольга Пашко.
Н.Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде 12 тамызға дейін бірнеше көрмені тамашалауға болады. Төменде көрсетілген көрмелерге 14 жастан бастап 35 жасқа дейінгі тұрғындар тегін бара алады:
- Аңсаған Мұстафаның «Сөйле, сурет» атты әлеуметтік көрме;
- «Алматының аккорды» көрмесінде мұражай қорының кескіндеме, графика, мүсіндері қойылады;
- Фотограф Иван Лагутиннің құрметіне арналған көрме;
- 8 тамызда 10:00-де сюрреализмге қатысты лекция;
- 9 тамызда 12:00-де суретші-кескіндемеші Әли Жүсіповтің құрметіне арналған көрме;
- 10 тамызда 12:00-де импрессионизмге қатысты лекция;
- 11 тамыз күні график-суретшінің Әбілхан Қастеевтің құрметіне арналған көрме.
Сондай-ақ, Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде өтетін көрмеге барып, тарих жайлы кеңірек ақпарат алуға болады.
- 8 тамыздан «Тәуелсіздік жылдарындағы Ертіс өңірінің археологиясы» көрмесі қойылады;
- 10 тамызда «Қазқонақ» ескерткіші маңында ашық аспан астындағы лекцияны тыңдауға болады;
Бұдан бөлек, 13 тамызда Екібастұзда, ал 15 тамызда Ақсу қаласында тарихи-өлкетану мұражайларында тегін экскурсиялар ұйымдастырылады.