Павлодарда пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сатқан тұрғын анықталды

Павлодарда пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сатқан тұрғын анықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Сатушы «Шығыс» өндірістік ауданы көшесіндегі дүкеннің жанында тұрған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, рейдтік іс-шараларды өткізу барысында  тәртіп сақшылары пиротехникалық бұйымдарды сату фактісін анықтады. 

– 59 жастағы тұрғыннан 20 рет ататын екі қорап және  18 рет ататын алты таяқша пиротехникалық бұйым тәркіленді. Сатушыға қатысты заңсыз сауда жасағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, – деді баспасөз қызметінде.

Полиция департаменті пиротехникалық бұйымдарды сақтауға тиісті лицензиясы мен рұқсаты жоқ тұлғаларға контейнерлерден тыс және ашық павильондарда, автокөліктерде, шатырларда және өткелдерде пиротехникалық бұйымдарды сатуға қатаң тыйым салынғанын еске салады.

Мұндай фактілер анықталған жағдайда аталған адамдар ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады. Бұл бап 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды көздейді.