Павлодар облысында білім саласындағы үздік педагогтер марапатталды

Павлодар облысында білім саласындағы үздік педагогтер марапатталды
Фото: Есенжол Исабек

Салтанатты марапаттау рәсімі өңір педагогтарының еңбегін дәріптеуге, ұстаз мәртебесін арттыруға арналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда дәстүрлі тамыз конференциясы аясында салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Жиында аймақтың үздік педагогтары мен білім саласы қызметкерлеріне облыс әкімінің төсбелгісі, Құрмет грамоталары, Алғыс хаттары және арнайы сыйлықтар табыс етілді.

Облыс әкімінің төсбелгісімен №8 дарынды балаларға арналған мектептің директоры Гауһар Бабыкова марапатталды.

– Тамыз конференциясында білім саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Әсіресе жасанды интеллектті оқу процесіне енгізу жайы көтерілді. Біздің лицейде ол қазірдің өзінде қолданыла бастады: сабақ кестесін құру, жұмыс жоспарын әзірлеуде, бағдарламалау пәнін оқытуда көмек береді. Бұл ұстаздардың еңбегін жеңілдетіп, оқушылардың заманауи білім алуына жол ашады, – деді Гауһар Бабыкова. 

Құрмет грамотасы Ақтоғай ауданы Бөкенов атындағы жалпы орта білім беру мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Зәуреш Қалиақпароваға табыс етілді. Дәл осындай марапаттарға: Павлодар қаласының №93 балабақшасының музыкалық жетекшісі Ақлай Құрымбаева, Павлодар қызмет көрсету колледжінің өндірістік оқыту шебері Маржан Тынысбек ие болды.

Құрмет грамотасына ие болған Павлодар қаласының №93 балабақшасының музыкалық жетекшісі Ақлай Құрымбаева өз әсерімен бөлісті.

–  Алған марапатқа шын жүректен қуаныштымын. Осындай үлкен іс-шарада еңбегіміздің бағалануы біз үшін үлкен ынта. Білім саласында 40 жыл еңбек еттім, осы уақыт ішінде әріптестеріммен бірге талай жетістіктерге жеттік. Әкімдіктің еңбегімізді көріп, қолдағанына ерекше ризамын. Жас мамандарға айтарым – ең бастысы шыдамдылық пен ізденімпаздық. Ізденісте болған ұстаздың жұмысы әрқашан жемісті болады, – деді жеңімпаз.

Облыс әкімінің Алғыс хаты Май ауданы Көктөбе жалпы орта мектебінің технология пәні мұғалімі Марат Шакировқа, Железин ауданы «Светлячок» балабақшасының тәрбиешісі Наталья Чабанова, Тереңкөл ауданы «Талбесік» сәбилер бақшасының тәрбиеші көмекшісі Алмагүл Қайырова, Шарбақты ауданы Есілбай жалпы орта мектебінің техникалық қызметкері Гүлайым Искаковаға берілді. 

Сондай-ақ, облыс әкімінің атынан білім сапасын арттыруға қосқан үлесі үшін бес үздік ұйымға 50 миллион теңгелік грант тапсырылды. «Үздік орта білім беру ұйымы – 2025» бас жүлдесін №29 жалпы орта білім беру мектебі иеленді. «Үздік орта білім беру ұйымы» номинациясы бойынша Екібастұз қаласының №25 қыздарға арналған қазақ гимназиясы марапатталды. «Үздік мектепке дейінгі ұйымы» атағы Ақсу қаласының №24 сәбилер бақшасына бұйырды. «Үздік балалар мен жасөспірімдер орталығы» болып Балалар жасөспірімдер экология және туризм орталығы танылды. «Үздік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы» аталымын Павлодар технологиялық колледжі жеңіп алды.

Және де ҚР Оқу-ағарту министрлігінің марапаттары да табысталды. «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен Баянауыл ауданы Рахметов атындағы жалпы орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Қуаныш Кокишев марапатталды, Аққулы ауданы Потанин мектебінің педагог-психологы Гүльмира Мұстафинаға, Успен ауданы Равнополь мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Гүльмира Баймамыроваға, Екібастұз қаласы №18 мектептің тарих пәні мұғалімі Төлеухан Темірхановқа, Ертіс ауданы №3 мектептің биология пәні мұғалімі Алмагүл Садыкова, Павлодар қаласы №24 сәбилер бақшасының басшысы Қарлыға Хамзинаға табысталды.

Тамыз конференциясының салтанатты марапаттау рәсімі өңір педагогтарының еңбегін дәріптеуге, ұстаз мәртебесін арттыруға арналды.