Павлодар облысында орманда заң бұзушыны ұстап беретін жүйе орнатылады

Павлодар облысында орманда заң бұзушыны ұстап беретін жүйе орнатылады
Фото: «Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи орман резерваты

Жүйе тәулік бойы бейнетүсірілім жүргізеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи орман резерватының хабарлауынша, табиғи резерватқа жұмыс сапарымен ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Құтпанбаев және цифрлық трансформация департаменті директоры Төрегелді Айнабеков келді. Жұмыс сапары орман өрттерін ерте анықтау жүйесінің орнатылу барысымен танысудан бастады.

– Орман өрттерін ерте анықтау жүйесі – бұл орманда мониторинг жасау мен орман өрттерін ерте анықтауға арналған бағдарламалық-аппараттық кешен. Бұл жүйе өрт маусымында орман және дала өрттерінен залалды айтарлықтай азайтуға көмектеседі, – дейді резерватта. 

Осы жүйенің көмегімен орман өрттерін уақтылы анықтап қана қоймай, орман заңнамасының бұзылуын да анықтауға болады. Жүйе тәулік бойы бейнетүсірілім жүргізеді. Мысалы, жүйе тәуліктің түнгі уақытында қандай да бір техниканың қозғалысын анықтаған кезде болжамды орман бұзушының автомобиль фарасының жарығына жауап бере отырып,  диспетчерге  белгі береді. 

Бұл жобаға Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінінен 2 млрд 400 млн теңге қаражат бөлінген.

Бүгінгі күні мердігер компания бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес барлық жұмыстарды уақытылы атқаруда және жыл соңына дейін жүйені іске қосу жоспарланып отыр.

Сондайқ-ақ, Ерлан Құтпанбаев резерваттың материалдық-техникалық базасымен танысты. 2023 жылы өрт қаупін азайту мақсатында және шаруашылық қажеттіліктері үшін үш КамАЗ базасындағы өрт сөндіру автокөлігі, бір патрульдік автокөлік, бір фронтальды тиегіш (бір шөміш, Liy Gong маркалы, жүк көтергіштігі бес тонна) сатып алынды.