Сыйлық ұтып алдыңыз: Павлодарда зейнеткер алаяқтың арбауына түсті

Сыйлық ұтып алдыңыз: Павлодарда зейнеткер алаяқтың арбауына түсті
Фото: Константин Шелков

Жас жігіт зейнеткердің сеніміне кіріп алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 74 жастағы зейнеткер алаяқтың қулығына тап болды. Әйелге жігіт қоңырау шалып, өзін ұялы байланыс операторының қызметкері ретінде таныстырған.

– Сыпайы түрде сөйлескен алаяқ ұялы байланыс операторынан сыйлық ұтып алғаны туралы қуанышты жаңалықты хабарлаған, – дейді полиция департаментінде.  – Бұл жаңалыққа мәз болған зейнеткер өзінің мекенжайын айтқан. Біраз уақыттан кейін ер адам оған келіп, бокал мен шоколад әкелген. 

Әңгіме барысында  зейнеткер өзі және  анасы туралы ер адамға бәрін айтып берген. Келесі күні жігіт қайта келіп, жәбірленушінің анасына сыйлық ретінде торт әкелген. Одан кейінгі күні қайта келіп, өзінің ерікті екенін айтып, жеміс-жидек апарған. Жәбірленуші зейнеткердің ас үйдегі үстелді жөндеу керек екенін айтқан өтінішін жігіт жерге қалдырмай, тағы үйіне келген. 

Зейнеткердің үйінде жүріп, жас жігіт онық банк қосымшасын телефонға жүктеп алып, Face-ID көмегімен депозиттен ақшаны телефон нөмірі бойынша өз шотына аударып алған. Оқиғадан кейін алаяқ белгісіз бағытта жасырынып кеткен. Қазір полицейлермен жақын жердегі бейнебақылау камераларының барлық жазбалары қаралып, жедел іздестіру шаралары жүргізілуде.

Тәртіп сақшылары банктердің қосымшаларынан жеке мәліметтер мен құпия сөздерді белгісіз адамдарға бермеуге, сондай-ақ бейтаныс адамдармен телефон арқылы сөйлеспеуге кеңес береді. 

Айта кетейік, жыл басынан бері облыста алаяқтықтың 481 фактісі тіркелген.