Павлодарда премиум санатындағы қонақ үйдің қай жерде салынатыны белгілі болды
Жоспар бойынша жаңа қонақ үй 2027 жылы ашылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Асхат Бейсеновтің айтуынша, инвестицияның жалпы сомасы– 7,8 миллиард теңге.
– «Novotel» қонақ үйі бұрынғы «Қазақстан» қонақ үйінің орнына салынатын болады. Ол бүгінгі күні сатып алынды. Қазір нысанды қайта құру бойынша жоба әзірленуде. Содан кейін құрылыс сараптамасын жүргізу жоспарлануда. Құрылыс жұмыстары 2025 жылы басталады, – деді Асхат Бейсенов.
Еске сала кетейік, облыс әкімі Асайын Байханов пен «ALAZAR GROUP» ЖШС өкілі Руслан Шөкин «Novotel» қонақ үйін салу жобасын талқылаған болатын. Инвестор 120 бөлмелі қонақ үй салуды жоспарлауда. Облыс әкімі жауапты мемлекеттік органдарға аталмыш жобаны іске асыруда барынша көмек көрсетуді тапсырған.