Кенжекөлде мешіт аумағы жаңа келбетке ие болды

Заманауи жарықтандыру жүйесі де іске қосылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кенжекөл ауылында мешіт аумағын абаттандыру жұмыстары аяқталды. Енді бұл жер тұрғындар үшін тынығуға ыңғайлы орын ғана емес, ауылдың сәулеттік келбетін айшықтайтын көрікті орынға айналды.
Аумақта сәндік элементтермен жабдықталған орындықтар, әткеншек-орындықтар орнатылып, заманауи жарықтандыру жүйесі іске қосылды.
– Қараңғы уақытта тұрғындардың өздерін жайлы сезінуі үшін декоративті жарық шамды жартылай арка қойылды. Арка кешкі уақытта ерекше атмосфера сыйлап қана қоймай, ауыл тұрғындары мен қонақтары үшін фотозона ретінде де қызмет етеді, – деді ауыл әкімдігінде.
Өскелең ұрпаққа да ерекше көңіл бөлінді – балаларға арналған ойын алаңы салынды. Мұнда балалар таза ауада қауіпсіз ойнай алады. Сондай-ақ, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау үшін мешіт аумағына бейнебақылау камералары орнатылды.
Абаттандыру жобасы Павлодар қаласының әкімі мен қалалық әкімдіктің қолдауымен жүзеге асырылды.