Павлодарда студенттер «Қара орамал» шығармасын сахналады
Қойылым Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық, Темірбек Жүргеновтің 125 жылдық мерейтойына орай «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығында көрсетілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ЖОО баспасөз қызметінің мәліметінше, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті «Ғибрат» студенттік театрының жастары көрнекті ақын, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» шығармасын сахналады.
«Қара орамал» шығармасында зұлмат жылдары ұлт зиялыларының басынан өткен оқиғалар терең суреттелген. Атап айтқанда, кеңестік жүйенің солақай саясаты «Халық жауы» деп айыптаған Алаш арыстары Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Темірбек Жүргенов сынды тұлғалардың әйелдеріне жасалған зұлымдықты тебірене жырлайды. Талантты студенттер осы қойылым арқылы ұлт аналарының «АЛЖИР» лагерінде көрген азабын анық көрсете білді.
– Қойылымның режиссері – «Ғибрат» студенттік ұйымының жетекшісі Арайлым Сүндет. Ұйым негізі 2019 жылы құрылған, бүгінде құрамында 45 студент жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін талай тарихи шығармаларды сахналау арқылы көрерменнің көзайымына айналып үлгерді, – дейді университеттің баспасөз қызметінде.
Қойылымның соңында Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының белді актері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бейбіт Шәнім «Ғибрат» ұйымының жас өнерпаздарының еңбегіне жоғары бағасын беріп, алғысын білдірді.