Павлодар облысында қоршаған ортаға және су айдындарына қауіп төніп тұр

Павлодар облысында қоршаған ортаға және су айдындарына қауіп төніп тұр
Фото: Константин Шелков

Мәселені тек қомақты қаражат салу арқылы шешуге болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы облыстық экология департаменті басшысының орынбасары, Павлодар облысы бойынша бас мемлекеттік экологиялық инспекторы Әсет Сыздықов мәлімдеді. 

Павлодарлық эколог өңірдің қоршаған ортаны ластауы бойынша елімізде көш бастап тұрғанын,  сондай-ақ құбырлардың тозуына қандай қауіп төндіретінін атап өтті. 

– Аймақта экологиялық маңызды мәселелер бар. Оның бірі – ірі кәсіпорындардың атмосфераға ластаушы заттарды шығаруы, – дейді Әсет Сыздықов. 

Спикердің айтуынша, департамент бақылаушы орган ретінде өз құзыреттілігі шеңберінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Арнайы өлшеулер жүргізіледі, көрсеткіштер асып кеткен жағдайда құқық бұзушыларды жауапкершілікке тартады. 

Сондай-ақ, бас экологиялық инспектордың айтуынша, өңірде кәріз-тазарту құрылыстарының тозу мәселесі өткір тұр. Бұл қоршаған ортаға және су объектілеріне қауіп төндіруі мүмкін. 

– Жалпы Павлодарда, Екібастұзда және Ақсуда да кәріз-тазарту құрылыстары 80 пайызға тозған. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар табиғатты қорғау іс-шаралары шеңберінде осы объектілерді жаңғырту, қайта құру үшін белгілі бір бюджет қаражатын салуға тиіс, – дейді ол.

Жыл басынан бері департамент 70 кәсіпкерлік субъектіні тексерді. Нәтижесінде экологиялық заңнаманың талаптарын бұзудың 98 жағдайы анықталды. 

Бақылау нәтижелері бойынша 40 млн теңгеден астам сомаға 47 әкімшілік айыппұл салынды. Олардың ішінде 43 айыппұл бойынша 21 млн теңге өндірілді, тағы төрт айыппұл бойынша орындау жұмыстары жүріп жатыр. 

Айта кетейік, департамент бұзушылықтарды жою туралы 39 ұйғарым шығарды, оның 25-і орындалды.