Жөке ағаштары отырғызылды: Павлодарлық экологтар сақтыққа шақырады

Жөке ағаштары отырғызылды: Павлодарлық экологтар сақтыққа шақырады
Фото: автор

Облыс орталығында көшелерді қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл үдеріс ескі ағаштарды алып тастап, олардың орнына жаңа көшеттер отырғызумен қатар жүруде. Атап айтқанда, Ак. Бектұров және Шөкин көшелерінде ұсақ жапырақты жөке ағаштарын отырғызу жоспарланған. Мамандардың пікірінше, бұл ағаш түрі өңірдің климаттық жағдайына бейімделе алады. Алайда экологтар мен белсенді тұрғындар бұл бастамаға байыппен қарауға шақырады.

«Эком» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Светлана Могилюк жөке ағаштарының Павлодарда өсуі мүмкін екенін айтады. Бірақ бұл оңай мәселе емес.

– Менің ауламда үлкен жөке ағашы өсіп тұр, биіктігі бесінші қабатқа дейін жетеді. Бірақ ол ғимараттың қорғанысында орналасқан: көпқабатты үй бұрышпен салынған, сондықтан жел қатты соқпайды. Сол себепті ағаш өзін жақсы сезінеді деп ойлаймын. Ал ашық көшелерде жөке ағаштарының жай-күйі қандай болатынын нақты айту қиын. Жалпы алғанда, біздің климатта бейімделе алады. Олар толыққанды аллеялық ағаштарға айналса екен деймін. Бұл сынақ маңызды және қажет, – дейді эколог.

Оның айтуынша, бір учаскедегі нәтижелерді күтпестен, басқа көшелерде де осындай жұмыстардың басталуы алаңдаушылық тудырады. Бұл қала кеңістігінің жалаңаштанып қалуына әкелуі мүмкін. Мәселен, Ак. Бектұров көшесінде ескі ағаштар кесіліп тасталды, ал жаңалары әлі отырғызылған жоқ.

– Қазір Ак. Шөкин көшесіне де кірісіп жатыр, онда да ескі ағаштарды кесу жоспарланған. Бірақ қандай ағаш түрлері отырғызылатыны және оларға қалай күтім жасалатыны белгісіз. Қаланың жасыл келбетіне қауіп төндіргенше, біраз күткен дұрыс, – деп толықтырды Светлана Могилюк.

Экологтар пилоттық жобаларды жүзеге асырып, олардың нәтижелерін ашық жариялауды ұсынады. Яғни, аллеялық ағаштардың жерсінуі, жергілікті климатқа бейімделуі, жел мен құрғақшылыққа төзімділігі ескерілуі тиіс. Тек осыдан кейін ғана басқа көшелерді кең көлемде қайта жаңартуға көшу қажет деп санайды мамандар.

Еске салайық, алғашқы жөке ағаштары биыл сәуір айында Астана көшесінде отырғызылды. Қалалық саябақтар мен скверлерді қайта құру жоспарына сәйкес, басымдық ірі көшеттерге, нақтырақ айтқанда, тамыр жүйесі бар жетілген ағаштарға беріледі. Дегенмен, мамандар ұсақ жапырақты жөке ағашына ерекше назар аударып отыр.  Бұл ағаш түрі отырғызуға және кесуге жақсы бейімделеді, бірақ жерсіну кезеңінде күтім мен тыңайтқыштарды қажет етеді.

Астана көшесінде шамамен 30 ағаш кесіліп, орнына 70 жаңа ағаш отырғызылды. Жоспар бойынша Едіге би мен Торайғыров аралығындағы учаскеде, сондай-ақ Ак. Бектұров және Торайғыров көшелерінде көгалдандыру жұмыстары жалғасады.

Мамандардың айтуынша, жасыл желектік реконструкциясы  –жай ғана абаттандыру емес, ағаштардың сыртқы келбетімен қатар, ішкі жағдайын, жасын, төзімділігін, эстетикалық және экологиялық құндылығын бағалауды қамтитын кешенді процесс. Мысалы, Ак. Бектұров көшесіндегі кей ағаштардың жасы 60 жылдан асқан. Сырттай жақсы көрінгенімен, ішкі жағынан шірік пен зақымдалған ағаштар жиі кездеседі.