Павлодарда «Vision Zero» жүйесін енгізген кәсіпорындар көбейді
Биыл тағы онға жуық кәсіпорын жүйеге қосылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында еңбек қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жұмыстар Қазақстанның 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы аясында жалғасып жатыр.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек инспекциясы комитеті Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Асқар Қапановтың айтуынша, өңірдегі 46 кәсіпорын халықаралық Vision Zero – «Нөлдік жарақаттану» тұжырымдамасасына енгізілген. Оның ішінде 15 кәсіпорын бұл жүйеге биыл қосылған.
– Павлодар облысында еңбек қауіпсіздігін қоғамдық бақылауды күшейтуге де басымдық берілген. Қазір 22 кәсіпорында «Халықтық бақылау» жобасы жүзеге асып, жұмыскерлер өндірістегі қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылауда, – деді Асқар Қапанов.
Сонымен қатар, облыстағы 881 өндірістік кеңес жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларын тексеріп, өндірістік жарақаттанудың алдын алу жұмыстарын жүргізіп келеді.
– Ірі кәсіпорындар базасында қауіпсіздік қызметтерінің жетекшілерімен кездесулер, дөңгелек үстелдер және тәжірибе алмасу іс-шаралары тұрақты өткізіледі. Онда жаңа нормативтік-құқықтық актілер талқыланып, жазатайым оқиғаларға талдау жасалады, – деді департамент басшысы.
Еңбек инспекциясының арнайы интернет-ресурсында типтік жазатайым оқиғалармен қатар аяқталған тергеулердің қорытындылары жарияланып тұрады. Бұдан бөлек, шағын бизнес субъектілеріне еңбекті қорғау құжаттарын рәсімдеу бойынша кеңестер беріліп, ақпараттық материалдар таратылады.