Ақсу зауыты кадр даярлауда үздік деп танылды

Ақсу зауыты кадр даярлауда үздік деп танылды
Фото: Ақсу ферроқорытпа зауытынан

Зауыт жас мамандарды даярлау ісімен ұзақ жылдар бойы айналысып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ақсу ферроқорытпа зауыты «Кәсіби маман» республикалық байқауының аймақтық кезеңінде жеңімпаз атанды. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған байқауда кәсіпорын «Кадр даярлауда үздік кәсіпорын-қатысушы» номинациясы бойынша жоғары бағаланды. Марапатты Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова табыс етті.

Зауыт жас мамандарды даярлау ісімен ұзақ жылдар бойы айналысып келеді. Өндірістік  базасында колледж студенттері тұрақты түрде тәжірибеден өтсе, өндірістік оқыту шеберлері тағылымдамадан өтеді. Сонымен қатар, кәсіпорын мектеп оқушылары мен студенттер үшін кәсіби бағдарлау шараларын – кездесулер, экскурсиялар, ашық есік күндерін өткізеді. 2020 жылдан бастап оқу орындарында «ERG күні» жобасы жүзеге асып келеді.

Зауыттың негізгі серіктесі – Ақсу қара металлургия колледжі. Екіжақты ынтымақтастыққа 60 жылдай уақыт болған. Қазіргі таңда колледжде 13 техникалық бағыт бойынша мамандар дайындалады, ал зауыт жұмысшыларының басым бөлігі – осы оқу ордасының түлектері.

Байқауда Ақсу қара металлургия колледжі де үздік атанды – оқу орны «Кәсіпорынның ең үздік серіктес-колледжі» номинациясын жеңіп алды.

Кәсіпорын мен колледж қос тарапты оқыту жүйесін жүзеге асырып келеді – бұл модель студенттерге алған білімдерін тікелей өндірісте қолдануға мүмкіндік береді. Зауыт мамандары білім беру бағдарламаларын дайындауға да қатысады. Мысалы, биыл техникалық және кәсіптік білім беру тізіміне тоғыз жаңа бағдарлама енгізілді.

– Кәсіптік білім беруді қолдау – болашаққа инвестиция. Бізге дайын, тәжірибелі мамандар қажет. Сондықтан колледждермен және жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатуға мүдделіміз, – дейді зауыттың персонал және мәдениет жөніндегі директоры Наталья Габибова.

Соңғы үш жылда зауытта 82 қызметкер тәлімгерлікке тартылған, олардың бесеуі арнайы оқытудан өткен. Бұл жүйенің тиімділігі ретінде студенттердің WorldSkills және ERG Skills чемпионаттарындағы жетістіктерін атауға болады.

2015 жылдан бері кәсіпорын колледждің материалдық базасын жақсартуға да атсалысып келеді.

Айта кетейік, «Кәсіби маман» байқауының республикалық финалы күзде өтеді.