Павлодарлық онкодиспансер жасанды интеллектті МРТ жабдығына енгізеді

Павлодарлық онкодиспансер жасанды интеллектті МРТ жабдығына енгізеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мекемеде техникалық жарақтандыру деңгейі жоғары көрсеткішті құрап отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облыстық онкологиялық диспансері – өңірдегі жалғыз мамандандырылған мекеме. Мұнда онкологиялық науқастарға хирургиялық, радиологиялық және химиотерапиялық ем толық көлемде көрсетіледі.

Облыстық онкологиялық диспансер директорының орынбасары Әсел Асқарованың айтуынша, 2024 жылдың желтоқсан айында мекемеде сыртқы кешенді аттестация жүргізіліп, нәтижесінде аккредитацияның ең жоғарғы санаты берілген.

– Бүгінде диспансерде 376 қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде 68 дәрігер мен 130 мейірбике бар. Дәрігерлердің 93 пайызы, ал медбикелердің 90 пайызы біліктілік санатына ие. Бұл – облыс бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі, – дейді ол.

Мекемеде техникалық жарақтандыру деңгейі де жоғары. Мұнда 32 тілікті компьютерлік томограф, қуаты 1,5 Тесла болатын МРТ аппараты және сәулелік терапияның «алтын стандарты» саналатын сызықтық үдеткіш орнатылған. Сонымен қатар маммографиялық зерттеулерге арналған PACS-жүйесі енгізілген. 

– Бұл жүйе облыстың 30 медициналық ұйымынан келген суреттерді жедел қарап, науқастарды тіркеу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді,– дейді онкологиялық диспансер директорының орынбасары.

Сондай-ақ, өңірде онкологиялық аурушаңдық республика бойынша 4-орында. Бұрын алдыңғы қатарда болса, бүгінде 100 мың тұрғынға шаққанда 308,3 көрсеткішін көрсетіп отыр. Өлім-жітім де азайған: қазір облыс 74,3 көрсеткішімен 8-орында. Аурушаңдық құрылымында сүт безі қатерлі ісігі бірінші орында. Одан кейін – колоректалды обыр, өкпе, асқазан және жатыр мойны ісіктері.

Ерте диагностикалау бойынша, науқастардың 30 пайызы 0-1-сатыда, ал 65 пайызы 1–2-сатыда анықталды. Биылғы 8 айда скрининг барысында 87 жағдай тіркелді, оның ішінде 62-сі – сүт безі қатерлі ісігі.

– Соңғы жылдары онкологиялық науқастардың бесжылдық өмір сүру көрсеткіші айтарлықтай жақсарды. Бұл – скринингтік бағдарламалар мен ауруды ерте анықтаудың, сондай-ақ заманауи дәрілерге мемлекеттік қолдаудың нәтижесі, – деді Әсел Асқарова.

Биылғы жылдың қаңтарынан бастап МРТ жабдығында жасанды интеллект қолданылуда. Жаңа технология суреттердің сапасын жақсартып, сипаттау уақытын қысқартады. Сондай-ақ, биылдан бастап бауырдағы түзілімдерді анықтауға арналған жаңа контрастық зат – «Примовист» енгізілді.