Екібастұздық жас әнші Дубайға жолдама алды

Екібастұздық жас әнші Дубайға жолдама алды
Фото: ЖИ

Ол «Эстрадалық вокал» номинациясы бойынша жеңіске жетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Атамұра» мәдениет орталығы «Жұлдыз» вокалдық тобының мүшелері мен «Әуен» вокалдық үйірмесінің қатысушылары қашықтықтан өткізілген І республикалық «Шабыт» балалар өнер байқауына қатысып, бірнеше жүлделі орындарды қоржындарына салды.

Атап айтсақ, «Эстрадалық вокал» номинациясы бойынша Айзере Еренғалы мен Айдина Темербаева екінші орын иеленсе, Ерасыл Еренғалы байқаудың финалына қатысуға БАӘ астанасы Дубай қаласына жолдама алды. 

Орталықтың көркемдік жетекшісі Гүлмира Алданова тәрбиеленушісі әйгілі Шәмші Қалдаяқовтың «Арыс жағасындағы» әнін еш қатесіз, таза орындағанын атап өтті.  

– Бұл әнді Ерасыл әдемі орындады. Негізі өзінің қызығушылығы жоғары, өте дарынды бала. Қалмай келіп дайындалды. Жеңдік дегенді естіген қуанғаннан жылап қалдық.  Маған вокалға келіп жүргеніне екінші  жыл болды. Әрдайым нәтижеге жұмыс істегендіктен осындай жүлде алып отырмыз деп ойлаймын. Қазылар алқасы қателік таппай жүлдеге шығарып тұрғанын жұмысыма деген оң бағалары деп те санаймын, – дейді Гүлмира Алданова. 

13 жасар Ерасыл финалға басқа ән  дайындамақ. «Алматының кешінде» әнін де таңдаған.  Финал жаз мезгілінде өтеді деп жоспарлануда. Жүлде қоры – үш жүз мың теңге.

Көркемдік жетекшісі басқа мемлекетте қазақтың әндерін айтқанын қалайтынын тілге тиек етті.  

Талантты да дарынды балаларды өнерге баулып, тәрбиелегені үшін «Атамұра» мәдениет орталығының көркемдік жетекшісі Гүлмира Алданова ризашылық дипломымен марапатталды.