Павлодарлық туристер Қазақстан чемпионатында топ жарды
Өңір спортшылары жаяу және велотуризмнен бірнеше жүлде жеңіп алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баянауылда өткен жаяу және велотуризмнен Қазақстан чемпионатында Павлодар қаласының балалар-жасөспірімдер экология және туризм орталығының тәрбиеленушілері жоғары нәтиже көрсетті.
Еліміздің бес өңірінен келген командалар қатысқан жарыста павлодарлықтар «Жасөспірімдер» және «Жастар» жас санаттарында сынға түсті.
Жаяу туризмнен «Жасөспірімдер» құрамасы жалпыкомандалық есепте чемпион атанып, «Байлам», «Өткел» және «Кросс-жорық» кезеңдерінде үздік нәтиже көрсетті. Велотуризмнен спортшылар «Фигуралық жүргізу» сайысында бірінші орын алып, командалық есепте күміс жүлдеге ие болды.
«Жастар» санатында жаяу туризмнен павлодарлықтар командалық есепте екінші орынға тұрақтады. Ал велотуризмнен қола жүлде жеңіп алып, бірнеше жеке кезеңде де үздіктер қатарынан көрінді.
Командаларды дайындаған Ирина Ридзаускене, Владимир Ридзаускас және Сергей Агалаков жарысты ұйымдастырушылардың Алғыс хаттарымен марапатталды.
– Жарыстың әр күні өте тартысты әрі қарқынды өтті. Спортшылар жаяу туризм кезеңін аяқтай сала велосипед сайысына қатысып отырды. Қазақстан Республикасы Спорттық туризм федерациясы мен Павлодар облысының Спорттық туризм федерациясына жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғысымызды білдіреміз, – деді Павлодар қаласының балалар-жасөспірімдер экология және туризм орталығының қосымша білім беру педагогі Ирина Ридзаускене.
Чемпионат қорытындысы павлодарлық жас туристердің жоғары дайындық деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеп, өңір қоржынына кезекті жүлделерді әкелді.