Павлодарда «ақ-көк» мереке өтті
Павлодарлықтармен бірге облыс әкімі Асайын Байханов та көптен күткен оқиғаның куәсі болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мерекелік іс-шара Павлодардың «Ertis Promenade» бас сахнасында өтті. Екінші лигадағы чемпиондық үшін шағын алтын медальдарды Qazaqstan Football League вице-президенті Ғани Қайназаров табыс етті.
- Бірінші маусымда-ақ «Ертіс» ФК чемпиондығы – құрметке лайық. Бірінші орын – менеджмент, жаттықтырушылар штабының қызметі, ойыншылардың еңбегі және жергілікті билікті қолдаудың үлкен жемісі. Облыс әкімі Асайын Байханов павлодарлықтар үшін сүйікті команданы жандандыру туралы өте маңызды шешім қабылдады. «Ертіс» Бірінші лигада лайықты өнер көрсететініне сенімдімін, сәттілік тілейміз, - деді Ғани Қайназаров.
Қолдау мен көмек көрсеткені үшін аймақ басшысына команданың бас бапкері Николай Гавриш алғысын білдірді. Ол сондай-ақ жанкүйерлерге де рахметін жаудырды.
Команда капитаны Тимур Байжанов та әсерлі сөз сөйледі. 2020 жылғы белгілі оқиғалардан бұрын «Ертіс» сапында ойнаған футболшы ретінде ол қайта өрлеу жолының соншалықты қиын болғанын атап өтті.
- Әкімге көмек көрсеткені үшін алғыс айтқым келеді. Бір жыл бұрын «Ертіс» болған жоқ, енді біз бүкіл қаламен бірге чемпиондықты тойлап жатырмыз. Сондай-ақ, клуб басшылығына бізге деген сеніміңіз үшін рахмет, сіз тек павлодарлық ойыншыларды жинадыңыз және біз сенімді ақтадық. Біз бірінші кезекте жанкүйерлер үшін ойнаймыз, мен оларға қолдау көрсеткені үшін ризамын. Бұл біздің ортақ жеңісіміз, - деп атап өтті Тимур Байжанов.
Ресми бөлімнен кейін павлодарлықтар команданың сүйікті ойыншыларымен тілдесіп, селфи жасай алды. Серік Мұсалимовтың орындауындағы «Ертіс» әнұраны павлодарлықтардың: футбол ардагерлерінің, жанкүйерлер мен ойыншылардың көзіне жас келтірді.
Осылайша, қайта түлеген «Ертіс» алғашқы жылы-ақ жанкүйерлердің үмітін ақтап, келесі жылға Бірінші лигаға жолдама ала алды. Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов дәл осындай міндет қойған еді. Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы Қазақстанның ең атақты клубы қаржы мәселелеріне байланысты Премьер-Лиганың ойынынан алынып тасталды.
2023 жылдың мамыр айында Асайын Байханов атақты команданы жандандыру міндетін қойды. Өткен жылдың соңына қарай клубтың жаттықтырушылары, ойыншылары мен қызметкерлері алдындағы қарыздарды өтеу алгоритмі әзірленді, клуб тарихының сабақтастығы сақталды.