Павлодарлықтардың голдары Қазақстан құрамасына жеңіс әперді (ВИДЕО)
Минскіде «Даму кубогі-2023» турнирі жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екінші матчта U-17 Қазақстан құрамасы ескі қарсыласы – Өзбекстанмен күш сынасты. Оныншы минутта-ақ «Ақсу» ойыншысы Ілияс Әбіл допты қарсылас қақпашының үстінен жіберіп, есеп ашты. Он минуттан соң тағы бір Павлодар футболының түлегі – Тамерлан Ағыманов айып алаңының сызығынан сол аяқпен Өзбекстан құрамасының қақпасынан саңылау тапты.
Кездесу соңына таман қазақстандықтар тағы бір рет гол соғып, нәтижесінде 3:0 есебімен жеңістерін тойлады. Матчтан кейін құраманың аға бапкері Александр Кузнецов шәкірттеріне алғыс білдірді.
- Бірінші таймда-ақ ойын тағдырын шеше білдік, - дейді ол. – Ойынды түгелдей бақылауда ұстадық. Әрине, гол соғатын тағы мүмкіндіктер болды, ойыншылар сол жағына назар аударуы тиіс. Бірақ ойынның мазмұны мен көрсеткен қимыл-қозғалысы үшін футболшыларыма ризамын.
Келесі матчты қазақстандықтар 9 ақпанда турнир қожайындары Беларуське қарсы өткізеді.
Фото: kff.kz