Павлодарлық өнім экспортына көбінесе Ресей, Өзбекстан мен Украинаға сертификат берілген
2022 жылы әлемнің 36 еліне 3789 экспорттық сертификат берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық «Атамекен» ӨКП баспасөз қызметінің мәліметінше, «үшінші елдерге» экспортқа сертификат беру өткен жылмен салыстырғанда 45 пайызға артқан.
– ТМД елдері арасында павлодарлық өнімдерді экспорттауға құжаттардың ең көп саны Ресей, Өзбекстан және Украина елдеріне, ал алыс шет елдерден Қытайға, Польшаға және Түркияға сатуға берілген, – деді Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Серік Сәдуақасов.
Оның сөзінше, 2022 жылы облыстық «Атамекен» ӨКП ішкі айналымға «CT-KZ» нысанындағы 562 сертификат берді. Бұл – 2021 жылмен салыстырғанда 6%-ға артық.
Айта кетейік, 2022 жылы біздің өңірден әлемнің 36 еліне, соның ішінде ЕАЭО, Еуропалық Одақ, Азия және Солтүстік Америка мемлекеттеріне келісімшарт бойынша өнім жіберуге экспорттық сертификаттар берілген.