Павлодар облысындағы тоғыз ауыл орталық судан бас тартты
Олардың бірқатары облыс орталығына жақын орналасқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс тұрғындарының 95 пайызы сумен қамтамасыз етілген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Салханов айтты.
Спикердің айтуынша, тоғыз ауыл орталықтандырылған су құбыры мен біріктірілген блоктық модульді орнатудан бас тартқан. Бұл Успен ауданының Ольховка, Надаровка, Травянка, Дмитриевка, сондай-ақ Павлодар ауданының Луганск, Заозерное, Шаңды, Көктөбе, Толыбай.
– Басты себебі – бұл елді мекендерде құдықтардың болуы. Әкімдіктер халықпен кездесулер өткізген соң үш ауылдың тұрғындары ББМ орнатуға келіскен. Бұған бюджеттен қаржы қарастырылады, - деп қосты Ержан Салханов.
Спикердің айтуынша, облыстың 18 ауылына әкімдік тарапынан қаржы бөлінбейді. Себебі – ауылдағы тұрғындардың аздығы.
Биыл облыста 27 су жобасын жүзеге асыруға 15 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалады. Облыста сумен жабдықтау қызметіне қолжетімділік деңгейі бойынша көрсеткіш 98 пайызға жеткен.