Павлодарлықтарға электр самокаттарды пайдаланудың жаңа талаптары түсіндірілді
25 тамыздан бастап Қазақстанда электр самокаттарға қатысты жаңа шектеулер күшіне енеді. Өзгерістер пайдаланушыларға да, кикшеринг компанияларына да қойылатын талаптарды күшейтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің хабарлауынша, жаңа ережеге сәйкес электр самокаттармен тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарында жүруге тыйым салынады. Жолдың жүру бөлігімен тек 18 жасқа толған, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар және қорғаныс шлемін киген азаматтар ғана қозғала алады.
– Жолдың жүру бөлігінде қозғалыс жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан аспауы тиіс. Қазір тротуарда жүруге рұқсат етілген жағдайда жылдамдық сағатына алты шақырымнан жоғары болмауы керек. Сонымен қатар самокатпен жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға, жаяу жүргіншілер өткелінен түспей өтуге және түнгі уақытта жарық шағылыстыратын элементтерсіз жүруге тыйым салынады. Бұл талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, – деді облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Қуаныш Мұстафинов.
Маманның айтуынша, бүгінде облыста жалға берілетін барлық электр самокаттар тіркеу нөмірімен жабдықталуы тиіс. Бұл автоматты камераларға жол қозғалысы ережесін бұзған самокатты анықтауға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, кикшеринг компанияларына да бірқатар жаңа міндет жүктеледі. Олар самокаттардың техникалық жарамдылығын қамтамасыз етуге, қозғалыс жылдамдығы мен орналасқан жерін бақылауға, арнайы аймақтарда жылдамдықты автоматты түрде шектеуге, ретсіз тұраққа жол бермеуге тиіс. Сонымен қатар, көлік құралдарын есепке алып, қажетті мәліметтерді ішкі істер органдарына беруге міндетті болады.
Жаңа талаптар жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және жеке мобильділік құралдарын пайдалануды тиімді реттеуге бағытталған.