Павлодарда құрт табылған мектеп асханасының тексерісі аяқталды
Санитарлық эпидемиологтар тексеріс нәтижесінің қорытындысын шығарды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
12 қазанда Павлодар қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына М.Әуезов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің басшысынан өтініш түскен. Мектеп директоры басқармаға 7 «Ж» сынып оқушыларының тамағында тірі құрттың табылу фактісі бойынша жүгінген.
– Мектеп асханасын жалға алушыға қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Ас блогының қоймасында сусымалы өнімдерді сақтау шарттарын бұзу фактісі анықталды, атап айтқанда - температуралық-ылғалдылық режимінің бақылау-өлшеу аспаптарының болмауы. Сонымен қатар, көкөністерді ыдыс жууға арналған бөлмеде өңдеу фактісі анықталды, – деді басқарма басшысының орынбасары Гүлнар Ақылбекова.
Ал сапа мен қауіпсіздікті растайтын бидай жармасына тауарға ілеспе құжаттарды тексеру барысында дайындаушы көрсеткен жарамдылық мерзімдері сақталған болатын.
– Жеке кәсіпкерге ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы 1-бөлігі бойынша 395 мың теңгеге айыппұл салынды, – деді Гүлнар Ақылбекова.
Асхана қызметкерлерімен санитарлық ережелер мен нормаларды сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.