Павлодарлықтарға «құпия санта» ойынына қатысудан сақ болу ескертілді
Бұл алаяқтардың айласы болуы мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде, әсіресе Threads платформасында «құпия санта» тренді кең таралуда. Облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Сүйіндік Қайырбаевтың айтуынша, мұндай ойындар азаматтарды ауыр қаржылық және құқықтық мәселелерге әкелуі мүмкін.
Тәртіп сақшысының сөзінше, өз банк картасының деректерін бөгде тұлғаларға берген немесе есепшотына белгісіз қаражат түскен азамат алаяқтық схемасына еріксіз тартылуы ықтимал.
– Егер азаматтың банк шотына белгісіз адамдардан ақша түссе, ол дроппер ретінде пайдаланылуы мүмкін. Мұндай жағдайда банк есепшоттарды бұғаттайды, ал адам қылмыстық және азаматтық жауапкершілікке тартылуы ықтимал, – деп ескертті Сүйіндік Қайырбаев.
Күмәнді жолмен түскен қаражатты басқа шотқа аударуды сұрау – алаяқтардың кең тараған тәсілі. Мұндай жағдайда ешбір жағдайда өз бетіңізше ақша жіберуге болмайды.
– Банк картасының үш таңбалы CVV/CVC кодын ешқашан ешкімге айтуға болмайды. Бұл деректер арқылы алаяқтар шоттағы қаражатты толық шешіп ала алады. Күмәнді жағдай туындаса, азаматтар міндетті түрде банкке барып, ресми өтініш жазуы қажет, – деді құқық қорғау маманы.
Бүгінгі күні өңірде «тайный санта» трендінен жапа шеккендер жоқ. Дегенмен, полиция қызметкерлері мереке қарсаңында облыс тұрғындарына сақ болу керектігін атап өтті.
Дропперлікке байланысты жағдайлар көбіне студенттер мен инвестицияға сенген азаматтар арасында кездеседі. Алаяқтар «шотты дамыту үшін», «деңгейді көтеру мақсатында» деген сылтаумен адамдарды алдап, ірі көлемдегі қаражатты криптовалюта арқылы басқа есепшоттарға аудартқан. Кейбір жағдайларда шығын көлемі бірнеше миллион теңгеге дейін жеткен.
Алаяқтар мұнай-газ, алтын, ұлттық компаниялар атын жамылып, жалған инвестициялық жарнамалар таратады. Мамандар мұндай ұсыныстарға сенбеуге шақырады.
– Павлодарлықтарды және барлық азаматтарды «құпия санта» секілді күмәнді ойындардан, жеке деректер мен банк картасының мәліметтерін талап ететін акциялардан бас тартуға үндейміз. Жеке ақпаратты интернетте жарияламау – киберқауіпсіздіктің басты талабы, – деді Сүйіндік Қайырбаев.
Айта кетейік, бір айға жуық Threads әлеуметтік желісінде қазақстандықтар арасында бір-біріне жаңажылдық көңіл күй сыйлау мақсатында «құпия санта» тренді жүрген еді. Оның аясында мыңдаған азаматтар өздерінің банк карталарының нөмірлерін ашық түрде желілерге салып отырды.