Павлодар полицейлері мектеп маңындағы күзетті күшейтті
Оқу жылы барысында балалардың қауіпсіздігі басты басымдыққа ие болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мектеп оқушыларының жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және балалардың жол-көлік оқиғаларына ұшырау тәуекелін азайту мақсатында, полиция білім беру ұйымдарының жанындағы жаяу жүргіншілер жолдарында белсенді кезекшілік қызметін атқаруда.
– Таңертеңнен кешке дейін қызметкерлер жол қиылыстарын және жаяу жүргіншілер өткелдерін патрульдеп, оқушылардың жолды қауіпсіз кесіп өтуін қадағалайды. Мұндай қауіпсіздік шаралары оқу жылы кезінде, балалар қалалық қозғалыста дұрыс бағдар ала алмай, немқұрайлы болуы мүмкін кезеңде аса маңызды, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ведомствода атап өткендей, таңертең оқушылар сабаққа асыққан кезде және түскі үзілісте үйге қайтқанда полиция қызметкерлері негізгі қиылыстарда қауіпсіздікті қадағалайды. Кешке, қосымша сабақтар мен үйірмелерден кейін мектеп оқушылары үйлеріне қайтқанда, патрульдер қайтадан көшелерде болып, барлық оқушылардың қауіпсіз өткелден өткенін бақылайды.
– Біз балалардың жолда кейде алаңдаулы және немқұрайлы болатынын түсінеміз. Көптеген оқушылар жол бойында гаджеттеріне назар аударып, құлағында құлаққаппен жүргендіктен, сигналды немесе жақындап келе жатқан автокөліктің дыбысын естімей қалуы мүмкін. Біздің басты мақсатымыз – балалардың жаяу жүргіншілер өткелдеріндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жүргізушілерге мектептер жанындағы жолда ерекше сақ болуды еске салу. Сонымен қатар, ата-аналарды балаларға жолдан қалай өту керектігін, көшеде және қоғамдық орындарда өздерін қалай ұстау керектігін түсіндіруге шақырамыз, – деді әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бәкібай Ахмедьянов.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, жыл басынан бері өңірде бес жол-көлік оқиғасы тіркелген, оның салдарынан бір бала қаза тауып, төрт бала түрлі жарақат алды.