Тереңкөл ауданының ауылында ескі фельдшерлік-акушерлік пункт жөнделді

Тереңкөл ауданының ауылында ескі фельдшерлік-акушерлік пункт жөнделді
Фото: Константин Шелков

Оған 52 миллион теңге қаражат бөлінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Байқоныс ауылында  «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша жергілікті фельдшерлік-акушерлік пункт жөндеуден өтті. Ғимаратта көп жылдар бойы жөндеу жасалмаған. Енді ескірген ғимарат толығымен жаңарды. «Градстройсервис» ЖШС мердігері  52,2 млн теңгеге ауқымды жұмыс атқарды. 

– Бұрынғы ғимарат салқындау болатын. Сондықтан ыңғайсыздықтар тудыратын еді. Енді жылуды ұзақ сақтайтын пеш қойылды. Сондай-ақ, пункттің ішіне электр пеші қойылды. Яғни, жылуға қатысты қиындық туындамауы тиіс. Біз өз кезегімізде тұрғындарға алғашқы көмек көрсетіп, ем жасауға әзірміз, – дейді медбике Айсұлу Рахимова.

Ғимараттың қабырғалары мен төбесі қалдырылып, іші тұтастай жөнделді. Сәуірде басталған жұмыс қазан айының алғашқы күндері аяқталды. Медбикелер науқастарға жарық әрі жайлы бөлмелерде ем-дом көрсете алады.

Соңғы жылдары ауылдағы демографиялық жағдай жаман емес. Жылына орта есеппен 12 сәби өмір есігін ашады.

Сонмыен қатар, Байқоныс ауылында бес көшенің жолы жөнделіп, тағы үш көшеге жарық шамдары қойылды.

Құндыз Қабылденова