Павлодар облысында медицина саласына жаңа цифрлық жобалар енгізіледі
Бұдан былай науқастардың кейбір ауруын ерте анықтауға жасанды интеллект көмекке келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасында азаматтардың өтініштерін талдау, цифрлық шешімдерді енгізу барысы және иммундаудың өзекті мәселелері қаралды. Басқармада облыс әкімінің орынбасары Айгүл Маликованың төрағалығымен штаб отырысы өтті.
Отырысқа қатысушыларға азаматтардың өтініштерін талдау нәтижелері және ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің 2026 жылғы бірінші жартыжылдықтағы бақылау қызметінің қорытындылары таныстырылды.
— 6 ай ішінде департаментке 407 өтініш келіп түсті. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға көп (339 өтініш). Оның ішінде 65 өтініш бойынша тексеру жүргізілді, 96 өтініш бойынша түсіндірме берілді, 145 өтініш құзыреті бойынша басқа мемлекеттік органдарға жолданды, 101 өтініш қайталама өтініш болып табылады, - делінген хабарламада.
Өтініштердің басым бөлігі яғни 153 өтініш – емдеу, тексеру және диагностика сапасына қатысты мәселелерге қатысты болса, пациенттерді қабылдауды ұйымдастыру бойынша – 73, медициналық этика және деонтология нормаларын сақтау – 35, уақытша еңбекке жарамсыздық парағын беру аясында 19 өтініш түскен.
Жиында цифрландыру мәселелері де жеке қаралды. Облыста онкологиялық ауруларды ерте анықтау үшін жасанды интеллектіні қолдана отырып, радиологиялық зерттеулерді орталықтандыру жобасы іске асырылуда. Биыл бұл жоба 22 медициналық ұйымды қамтып отыр.
Сонымен қатар, өңірде медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған бірқатар цифрлық жобаны іске асыру басталады.
«Смарт-бейнежетондар» жобасы 4-санаттағы шұғыл шақыртуларға қызмет көрсететін МСАК ұйымдарының қызметкерлерін арнайы құрылғылармен жабдықтауды көздейді.
Телемедицина бойынша цифрлық сервис тұрғындарға, әсіресе ауылдық елді мекендердің тұрғындарына, облыс орталығына бармай-ақ бейінді мамандардан қашықтан кеңес алуға мүмкіндік береді. Жоба аясында 35 денсаулық сақтау объектісін, оның ішінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған 30 медициналық объекті мен қылмыстық-атқару жүйесінің 5 объектісін қосу жоспарлануда.
«Суық тізбек» жобасы вакциналар мен дәрілік препараттарды сақтау және тасымалдау кезінде температуралық режимді тәулік бойы бақылауды қамтамасыз етеді. Бұл олардың сапасы мен қауіпсіздігін сақтауға мүмкіндік береді.
Осы тақырыпты жалғастыра отырып, отырыста иммундаудың өзекті мәселелері, оның ішінде медициналық қарсы көрсетілімдер мен вакцинациядан бас тарту себептері қаралды.
Отырыс қорытындысы бойынша Айгүл Маликова медициналық көмектің сапасына және медициналық этика мен деонтология қағидаттарының сақталуына ішкі бақылауды күшейтуді, пациенттерді қолдау қызметтерінің жұмысын жандандыруды, халықтың шағымдарына жедел ден қоюды, олардың туындау себептерін жою және қайталама өтініштерге жол бермеуді тапсырды.