Павлодар облысында 700 мыңға жуық тұрғын МӘМС жүйесіне енгізілген

Павлодар облысында 700 мыңға жуық тұрғын МӘМС жүйесіне енгізілген
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Павлодар облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылған тұрғындар саны артып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазіргі уақытта өңірде 663 мың адам сақтандырылған. Бұл облыс халқының 88,7 пайызын құрайды. Ал 84 мың тұрғын немесе халықтың 11,3 пайызы әлі күнге дейін сақтандыру жүйесіне енгізілмеген.

Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Жангелді Шайымбетов мәлімдеді.

Оның айтуынша, халықтың әлеуметтік осал санаттарын медициналық сақтандырумен қамту жұмыстары жалғасуда. Биылдан бастап жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бойынша дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы D және E санатына жататын азаматтар үшін медициналық сақтандыру жарналарын төлей бастады. Бұл жаңашылдық әлеуметтік осал топтардың медициналық көмекке қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, қор денсаулық сақтау саласын қаржыландыру жүйесін цифрландыру бағытында кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Осы мақсатта ҚР Қаржы министрлігінің заманауи технологиялық платформасында орналасқан «Qalqan» жүйесі енгізілуде.

Жаңа платформа медициналық қызметтерді есепке алу, тексеру және төлем жүргізу үдерістерін автоматтандыруға арналған. Бұл жүйе медициналық ақпараттық жүйелерді алмастырмайды және емдеу-диагностикалық жұмыстарға әсер етпейді. Сондай-ақ оны енгізу қолданыстағы мемлекеттік цифрлық инфрақұрылым негізінде жүзеге асырылып жатқандықтан, денсаулық сақтау жүйесіне қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді.

– Қазіргі таңда қордың жекелеген қызметтері ғана цифрландырылған және қолданыстағы ақпараттық жүйелер арасында толыққанды өзара байланыс жоқ. Соның салдарынан көптеген операциялар әлі де қолмен орындалып, басқарушылық шешімдер әртүрлі ақпарат көздеріне сүйене отырып қабылданады. Ал «Qalqan» платформасы осы олқылықтарды жойып, денсаулық сақтау ресурстарын басқарудың жаңа сапалы деңгейіне көшуге мүмкіндік береді, – деді ол. 

Соңғы үш жылда Павлодар облысының денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру көлемі 12,7 пайызға артқан. Биыл бұл салаға 113,9 миллиард теңге бөлінді. Оның 57,8 миллиард теңгесі мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмек көлеміне, ал 56,1 миллиард теңгесі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне бағытталған.

Өңірде медициналық қызмет көрсететін ұйымдардың құрылымында да өзгерістер бар. Егер 2024 жылы облыста 76 медициналық ұйым жұмыс істесе, оның 32-сі мемлекеттік, 44-і жекеменшік болған. Ал 2026 жылы жеткізушілер саны 66 ұйымды құрап отыр. Оның ішінде 32-сі мемлекеттік, 34-і жекеменшік медициналық ұйым.

МӘМС қаражатының басым бөлігі стационарлық медициналық көмек көрсетуге жұмсалады. Өткен жылы бұл бағытқа 25,5 миллиард теңге бөлінсе, биыл қаржыландыру көлемі 29,5 миллиард теңгеге дейін ұлғайды. Осы қаражат есебінен жыл сайын мыңдаған жоспарлы және шұғыл операция тегін жасалады.

Жоғары технологиялық медициналық көмектің жарқын мысалы ретінде Ғ.Сұлтанов атындағы Павлодар облыстық ауруханасының тәжірибесін атауға болады. Мұнда жыл сайын 500-ден астам жамбас және тізе буындарын эндопротездеу операциясы жасалады. Операциялар барысында АҚШ пен Германияда өндірілген жоғары сапалы импланттар қолданылады.

Сондай-ақ облыстық аурухананың офтальмологиялық орталығы заманауи медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда көз ауруларын диагностикалау мен хирургиялық емдеудің озық технологиялары енгізіліп, глаукома мен күрделі катарактаға микрохирургиялық операциялар сәтті жасалуда.

Биылғы бес айдың қорытындысы бойынша офтальмологиялық орталықта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында 3 143 операция орындалса, тағы 2 851 пациентке консультативтік-диагностикалық көмек көрсетілген.