Тереңкөл тұрғыны туған ауылында сұлулық индустриясын дамытуда

Тереңкөл тұрғыны туған ауылында сұлулық индустриясын дамытуда
Фото: Наталья Долженко

Наталья Долженко туған ауылына оралып, сүйікті кәсібіне 26 жылдан астам уақытын арнады. Бүгінде ол тұрақты клиенттерінің сеніміне ие болып, ауыл өмірінің ажырамас бөлігіне айналған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

15 қазанда аталып өтетін Халықаралық ауыл әйелдері күні ауылдың дамуына үлес қосып жүрген жандардың еңбегін еске салады. Ауыл өмірінің тұрақтылығы тек фермерлер мен ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне ғана байланысты емес. Өз кәсібін ашып, халыққа қызмет көрсетіп, ауылдастарына қолайлы жағдай жасап жүрген адамдардың да еңбегі зор. Осындай күнделікті тірліктің артында туған ауылын көркейтуге деген ықылас, табандылық пен бастамашылдық жатыр.

Павлодар облысында өз ісі арқылы ауылдың дамуына үлес қосып жүрген әйелдер аз емес. Солардың бірі – Тереңкөл ауылының тұрғыны Наталья Долженко. Ол жеке шаштараз салонын ашып, жылдар бойы ауылдастарының сеніміне ие болды. Бүгінде көптеген клиенті оны туғанындай көреді.

Тұрақты клиенттері Натальяны баяғыдан «Багира» деп атайды. Тіпті телефон кітапшаларында да осы есіммен сақталған. Мұндай атау шебердің сүйікті қара мысығының құрметіне таңдалған.

– Бір жерден қара мысықтың тұмар бола алатынын оқыған едім. Маған бұл сымбатты жануарлар бұрыннан ұнайды. Оның үстіне, «Мауглидегі» Багира деген пантера бар ғой. Сөйтіп, салонымды осылай атауды ұйғардым, – дейді шебер.

Наталья Долженко Тереңкөлде жеке салонын сегіз жыл бұрын ашқан. Оған дейін жылдар бойы шаштараз болып жұмыс істеп, тәжірибе жинап, тұрақты клиенттерін қалыптастырған.

– Алғашында үйде шаш қидым. Кейін түрлі мекемелерге барып, шағын кабинеттер тауып, сол жерде клиенттерді қабылдай бастадым. Осылайша адамдар мені тани түсті. Ол кезде Тереңкөлде шаштараз салондары жоқ еді. Сондықтан өз салонымды ашуды шештім. Адам көп жүретін жерді таңдадым. Жақын маңда аурухана, мектеп және халыққа қызмет көрсету орталығы бар. Мұнда сымбатты көрініп, шаш үлгісін жасауды қалайтын адамдар үзілмейді, демек, клиент те табылады, – дейді Наталья.

Салонның аумағы – төртте алты метр. Мұнда үш шаштараз орны жабдықталған. Наталья күн сайын клиенттерін қабылдап, қызмет көрсетеді.

Аудан орталығында басқа да салондар бар. Дегенмен әр шебердің өз тұрақты клиенттері қалыптасқан. Натальяға да талай жылдан бері келіп жүрген адамдар аз емес. Сондықтан ол олардың әдетін, мінезін, көңіл күйін жақсы біледі.

– Біздің жұмысымыз адамдардың жалақысы мен зейнетақысын қашан алатынына, алда қандай мерекелер барына және жыл мезгіліне байланысты. Мереке қарсаңында келушілерім көбейеді. Әсіресе желтоқсанда, жұрт Жаңа жылға дайындалғанда жұмыс қызады. Тамызда да қарбалас басталады. Ата-аналар балаларын жаңа оқу жылы алдында шаш қидыртуға әкеледі, оқушылар да сабаққа дайындалады. Ал қаңтарда, мерекелерден кейін және қыркүйекте, мектепке дайындықтың негізгі қарбаласы басылған соң, жұмыс саябырлайды, – дейді шебер.

Күніне орта есеппен Наталья мен әріптестерінің қызметіне 10–15 адам келеді. Ол ерлердің, әйелдердің және балалардың шашын қияды, шаш үлгісін жасайды, түрлі күрделіліктегі бояу қызметтерін ұсынады. Сұранысқа ие тәсілдердің бірі – Airtouch. Бұл әдісте шаштың жіңішке бөліктерімен жұмыс істеп, фольга қолданылады. Мұндай бояуға алты-сегіз сағатқа дейін уақыт кетуі мүмкін.

Жылдар өте Наталья шаштаразға келген адамдардың ашылып сөйлесетінін байқаған. Шебер шашпен айналысып жатқанда, клиенттер отбасылары, балалары мен немерелері туралы әңгімелеп, жаңалықтарымен бөліседі. Бірі бөлме гүлдерін күту жөніндегі кеңесін айтса, енді бірі ас әзірлеудің қыр-сырымен бөліседі. Уақыт өте келе жай ғана клиенттер таныс адамдарға айналып, олардың арасында ұзақ жылдарға созылған қарым-қатынас қалыптасады.

Клиенттеріне әбден бауыр басқан шебер демалысқа шыққанда да жұмысын сағынады. Көп жылғы тәжірибесі маман болу үшін әдемі шаш үлгісін жасауды ғана емес, адамдарға көңіл бөлуді де білу керектігін үйреткен. Өйткені салонға әркім әртүрлі көңіл күймен келеді. Кейде қарапайым шаш қидыртудың өзінде адамның біреумен сөйлесіп, ішіндегісін бөліскісі келетіні байқалады.

Наталья Павлодардағы Қызмет көрсету саласы колледжін «Шаштараз ісі» мамандығы бойынша бітірген. Оның өмір жолы – шағын елді мекендерде әйелдердің өз кәсібін дамытып қана қоймай, ауылдастарының күнделікті өміріне етене араласа алатынының бір мысалы.

Бұған тағы бір мысал – 29 жастағы Руслан Әбішев. Ол сұлулық индустриясында он жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Колледжді тәмамдаған соң жас маман Усолка шағын ауданында салон ашқан. Руслан кәсібін енді бастаған жастарға да қолдау көрсетеді. Оның салоны тәжірибе жинап, мамандықты меңгергісі келетін студенттер үшін әрдайым ашық.