Павлодарлық ғалымдар мемлекеттік грант жеңіп алды

Гранттың жалпы сомасы 350 миллион теңгеден асады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі гуманитарлық, әлеуметтік және экономикалық бағыттар бойынша ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларға грант иегерлерінің есімдерін жариялады.
Тізімге Торайғыров университетінің төрт ғалымы енді. Бұған дейін университет жобаларына 880 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген болатын. Енді грант иегерлерінің қатары тағы толықты.
Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар факультетінің ғалымдары бірқатар маңызды жобаны ұсынып, грант жеңіп алды. Атап айтқанда, А.Х. Марғұлан атындағы Біріккен археологиялық ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Илья Мерц «Қазақстандық Ертіс өңірінің кейінгі қола дәуірі» жобасымен грант иегері атанды. «Филология және журналистика» кафедрасының профессоры Мухаббат Баратова «Мәшһүр Жүсіп және рухани құндылықтар» тақырыбындағы жобасымен жеңіске жетті. Ал факультет деканы Салтанат Әубәкірова «Қазақстандағы әлеуметтік-мәдени өзгерістер жағдайындағы білім философиясы: мәселелер мен шешу жолдары» жобасын ұсынып, грантқа қол жеткізді.
Сондай-ақ Экономика және құқық факультетінің «Экономика» кафедрасының профессоры Тахир Эрназаров та өз жобасымен грант иегері болды. Оның «ESG-құзыреттілігі бар кадрларды даярлау және қайта даярлау арқылы отандық өнеркәсіптік кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігі мен инвестициялық тартымдылығын арттыру» тақырыбындағы зерттеу жобасы қолдау тапты.