Павлодарлық тұрғын қырағылығы үшін марапатталды

Павлодарлық тұрғын қырағылығы үшін марапатталды
Фото: Константин Шелков

Ол зейнеткер әйелді алаяқтықтан сақтап қалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Жандос Орынбаев қала тұрғынына алғысын білдіріп, оған атаулы сағат пен Алғыс хат табыс етті.

– Сіздің дер кезінде әрі батыл әрекетіңіз –  әрбір азаматтың қырағылығы мен мұқияттылығының қаншалықты маңызды екенін көрсететін жарқын үлгі. Көмегіңіздің арқасында полицейлер ірі алаяқтық әрекеттің жолын кесті. Азаматтық ұстанымыңыз, бейжай қалмағаныңыз, батыл әрі шешімді әрекеттеріңіз үшін алғыс білдіреміз. Біз осындай адамдармен мақтанамыз және бұл әрекет өзгелерге үлгі болады деп сенеміз, – деді ол.

Еске сала кетейік, зейнеткер әйелге энергоорталықтан қоңырау шалып, есептегіш құралдарын тексеру сылтауымен алаяқтар хабарласқан. Олардың сөзіне сенген әйел сілтемелерге өтіп, қаскөйлерге 24 миллион теңге аудармақ болған. Алайда көршісінің арқасында ірі көлемдегі қаржыны жымқырудың алдын алып, қаражатты сақтап қалуға мүмкіндік туды.

– Менің әрекетімде ешқандай ерлік жоқ. Барлығы полиция қызметкерлерінің жедел әрекет етуінің нәтижесі. Баршаңызды мұқият әрі жауапты болуға шақырамын, себебі қауіпсіздік әрқайсымыздан басталады, – дейді Надежда Ивановна.

Полиция қызметкерлері атап өткендей, бұл жағдай қарапайым, уақытында жасалған әрекеттердің маңыздылығын айқын көрсетті. Айналадағы адамдарға бейжай қарамау және көмек көрсету – азаматтық парыз ғана емес, сонымен қатар ортақ игілікке қосылған маңызды үлес.

Сондай-ақ тәртіп сақшылары азаматтарды барынша сақ болуға, келіп түскен кез келген ақпаратты тексеруге және жеке деректерін белгісіз тұлғаларға бермеуге шақырды.