Жаңа фермалар, жаңа мүмкіндіктер: Павлодар облысында сүт өндіру саласы жаңғыруда

Жаңа фермалар, жаңа мүмкіндіктер: Павлодар облысында сүт өндіру саласы жаңғыруда
Фото: pixabay.com/annigje

Облыс орталығында IV Халықаралық «PRO Молоко’25» сүт бизнесі форумы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жиын барысында өңірдің сүт өндірісіндегі жетістіктері мен жаңа жобалары таныстырылды. 

Павлодар облысы әкімінің міндетін атқарушы Серік Батырғожиновтың айтуынша, соңғы төрт жылда облыста төрт заманауи сүт фермасы іске қосылды. Қазір өңірде 30 мыңнан астам жоғары өнімді сиыр ұстайтын 17 ірі тауарлы сүт ферма жұмыс істейді. Биыл 96 мың тонна сүт өндірілген, бұл – өткен жылмен салыстырғанда 100% артық.

Бүгінде әр сиырдан күніне орта есеппен 25-30 литр сүт алынады. Бұл – салаға салынған инвестиция мен фермерлердің қажырлы еңбегінің нәтижесі, – деп атап өтті Серік Батырғожинов.

Өңірде өндірілген шикізат 13 сүт өңдеу кәсіпорнына жеткізіледі. Қайта өңдеу зауыттарының жүктемесі бүгінде 84%-ға жеткен. Бұл көрсеткіш төрт жыл бұрын 60% ғана болған.

2027 жылға дейін облыста тағы алты заманауи ферма іске қосылмақ. Жобаларға 27 миллиард теңгеден астам инвестиция салынып, қосымша 43 мың тонна сүт өндіру көзделіп отыр.

– Форумдар – тек тәжірибе алмасу алаңы емес, сонымен қатар, бизнеске серпін беретін маңызды құрал, – дейді Серік Батырғожинов.

Алдағы жылдары іске қосылатын жаңа фермалар мен жобалар өңірдің сүт өндірісін тұрақты табыс көзіне айналдырып, ауыл шаруашылығы саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етпек.

Айта кетейік, форум аясында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры ұйымдастырылады. Тур аясында қатысушылар дәстүрлі «Галицкое» және жаңа ашылған «Ақтоғай Блик» фермаларының жұмысымен танысады.

Жансая Мәлік