Коттедждер қалашығы. Павлодарлық «ақылды» фермалар таң қалдыруда

Ауыл шаруашылығы саласы озық технологиялар саласына айналғалы қашан. Заманауи фермерлер өндірістік үрдістерді компьютерлік бағдарламалар арқылы басқарып, мәліметтерді сараптайды және жұмысты оңтайландырады. Бұл жаңашылдықтардың тиімділігі неде және қазіргі заман фермерлерінің жағдайы қалай? Бұл туралы @Pavlodarnews.kz тілшісінің материалында оқи аласыздар.
Павлодар облысының жеті ауданында 21 мыңнан астам асыл тұқымды мал өсіретін 17 ірі тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді. Солардың бірі – Павлодар ауданының Кенес ауылдық округіндегі «Агротрейд ПВЛ» ЖШС. Мұнда сүттілігі жоғары әрі ерекше күтімді қажет ететін еуропалық сиырлар өсіріледі. Кәрі құрлықтан келген жануардың «талғампаздығына» сапалы күтім арқылы төтеп беруге мүмкін болды.
Кәсіпорын басшысы Қуаныш Темірғалиннің айтуынша, бастапқыда симментал тұқымды сиырларды сатып алу жоспарланған. Себебі, бұл жануардың мінезі «жайлы» әрі жергілікті климатқа тез бейімделеді.
– Нәтижесінде голштин сиырларын таңдадық. Оңтайлы менеджментті зерттеп, үздік мамандардың кеңесіне жүгіндік. Сондықтан даниялық сиырларды күтуден қорықпадық. Мамандарымыз тәулігіне 1200 жануарды сауады. Үш реттік сауу технологиясын ұстанып, күнделікті 40 тоннадан астам сүт аламыз. Өндірісті іске қосарда 30 тонналық көрсеткішке жетеміз деп ойлаған едік. Алайда, көрсеткіш жоспарымыздан асып түсті, – дейді Қуаныш Темірғалин.
Фермада сүрлем үшін жүгері, сенаж және пішен үшін жоңышқа өсіріледі, ал қалған жемшөп түрлері сатып алынады. Минералды қоспалар жетекші өндірушілерден алынады. Қара-ала сиырлардың рационы цифрлық құралдардың көмегімен әзірленеді. Жемшөптің қоректік құндылығын бақылау үшін ай сайын талдау жүргізіледі. Қажет болған жағдайда мамандар құрамына өзгерістер енгізеді. Жемдер жылжымалы араластырғыштарда дайындалып, малға таратылады.
– Біз екінші жыл қатарынан бұзауларды ішкі нарыққа сатып келеміз. Сапалы мал алу үшін асыл тұқымды малды қымбат бағаға сатып алдық. Сапалы деген малды Венгриядан әкелдік. Жақсы тұқымдар қымбатқа түседі, бірақ қолдан ұрықтандырудың арқасында біз сау мал басын сақтап, жас малды сатуға мүмкіндік алып отырмыз, – деп нақтылады ферма басшысы.
Тағы бір үлгілі кәсіпорын «Кронос Павлодар» сүт-тауар фермасында 840 сауын сиыр өсіріледі. Күнделікті сүт өндірісі – 25 тонна, яғни әр сиырдан орта есеппен 31 литр сүт алынады.
– Кешенді іске қосу бізге бес миллиард теңгеге түсті. Жобаның жалпы құны – 14 миллиард теңге. Қазірдің өзінде үш сиыр қорасы, бұзау қора, сауу залы және көңді шығару жүйесі іске қосылды. Жыл соңына дейін үшінші кезеңді жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз: екі бұзау қорасы мен 470 басқа арналған сиыр қорасы салынады. Сонымен қатар тағы 400 сиыр әкелеміз. Жобаның жобалық қуаты – 1950 бас, біз осы көрсеткішке жетуге ұмтылып отырмыз, – дейді ферма басшының көмекшісі Виталий Михайлов.
Фермада климаттық бақылау, автоматтандырылған азықтандыру және қалдықтарды жою жүйелері қолданылады. Дегенмен, адам еңбегінің орны ерекше, оны ешбір технология алмастыра алмайды. Инновациялар қанша дамыса да, жануарларға деген қамқорлық, бақылау және бейімделу адам тарапынан жасалатыны әлі де өзекті.
– Толық қуатқа шыққан кезде күніне 1400 сиыр сауылып, 45 тоннаға дейін сүт өндірілетін болады. Кәсіпорында 150 адам жұмыс істей алады. Қазіргі таңда штатта жүзден астам қызметкер бар. Мамандарды тарту үшін Қамзин ауылында коттедждер қалашығы салынды. Тұрғын үй мәселесін шешкеннен кейін сүтті терең өңдеу және басқа өңірлер нарығына шығу туралы ойлануға болады, – деп жоспарларымен бөлісті Виталий Михайлов.
Ферма қызметкерлерінің орташа жалақысы – 350–400 мың теңге. Мұнда «егістен сөреге дейін» қағидаты қолданылып, кәсіпорын жемшөп базасын өзі қамтамасыз етеді. Ол үшін шикізат өңдейтін зауыты бар.
Мамандардың айтуынша, «ақылды» ферма – бұл ауыл шаруашылығы жануарларын өсіруге арналған толықтай автономды және роботтандырылған шаруашылық. Павлодар облысының фермерлері дәл осы деңгейге ұмтылуда.
– Сүт пастеризаторы зиянды микроағзаларды жояды және сақтау мерзімін ұзартады. Азық таратқыштар мен ұсатқыштар жемді біркелкі бөліп, жақсы сіңуіне көмектеседі. Автоматты ванна мал тұяғын аурулардан қорғайды. CIP-жуу жүйесі жабдықты тазартып, санитарлық жағдайды жақсартады, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының сарапшылары.
Басқарма мамандарының мәліметінше, аймақтың жеті ауданында 594 мың бас ірі қара бар. Былтырмен салыстырғанда өсім – 132%.
– Малдың 60%-ы дамыған шаруашылықтарда шоғырланған. Жыл ішінде 72 мың тонна сүт өндірілсе, оның 52 мың тоннасы ірі фермаларға тиесілі. Бұл – жалпы көлемнің 72%-ы. Бір сиырдан орта есеппен 6550 килограмм сүт алынады. Өткен жылы сала дамуына 10 миллиард теңге бөлінді, – дейді басқарманың бөлім басшысы Қайырболат Байсаринов.
Аймақта Солтүстік Қазақстан облысында қолданылатын қаржыландыру моделі масштабталуда.
– Екі ірі жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта Еуропадағы карантиндік шектеулерге байланысты кідіріс бар, бірақ кейінірек голштин сиырларын әкелеміз. Өндіріс көлемі 30 мың тоннаға артады. 2025 жылы СҚО әдісімен 11 миллиард теңге бөлінеді, соның ішінде 2,2 миллиард теңге сүт фермаларын кеңейтуге жұмсалды. Бұл 1890 басқа мал басын және 12,5 мың тоннаға сүт өндірісін арттыруға мүмкіндік береді. Аймақ жеті сүт зауытын және бес өңдеу кәсіпорнын шикізатпен қамтамасыз етеді. Өнім сапасы жоғары, – дейді мамандар.
Фермалар заманауи сауу залдарымен жабдықталған, мұнда адам процеске іс жүзінде қатыспайды. Олар тек жүйенің жұмысын қадағалайды.
Мемлекет сүт саласының дамуын қолдайды. Әр литр тапсырылған сүт үшін фермерлерге 45 теңге субсидия төленеді. Өткен жылы өңір кәсіпорындарына сүт өндірісіне ғана 3,2 миллиард теңге төленген. Ал егер шаруашылық Еуропадан асыл тұқымды мал сатып алса, әр басқа 400 мың теңге өтемақы беріледі.