Павлодар облысында орман өртінің негізгі себебі – найзағай

Павлодар облысында орман өртінің негізгі себебі – найзағай
Фото: Константин Шелков

Былтырғы жылмен салыстырғанда орман өрті 38%-ға, аумағы 3,5 есеге, орман қорына келтірілген шығын 2,5 есеге өсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

– Өрттердің негізгі шығу себептерінің бірі табиғи құбылыс – найзағайдың соғуы және антропогендік фактор, яғни дала өртінің орман қорының алқабына өтуі. Маусым айында төтенше жағдай органдарымен бірге барлық орман шаруашылық мекемелерінде профилактикалық іс-шара жүргізу және минералдандырылған жолақтарды орналастыру бойынша тексеріс өткізілді, – деді облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Айгерім Қабылтаева аппараттық жиында.

Басқарма басшысы өз сөзінде әкімдіктер тарапынан дала мен орман өрттерін сөндіру бойынша бірлескен жұмыс толық орындалмайтынын атап өтті. Көп жағдайда дала өрттерін орман күзеті бірінші анықтап, орман қоры аумағына ауысуды болдырмау үшін жедел сөндіруге шығады.  Осылайша, жыл басынан орман күзетімен 109 шығу жүзеге асырылған.  

– Сондай-ақ әкімдіктер жергілікті ауылшаруашылық құрылымдарымен профилактикалық жұмыстарды нашар жүргізуде. Дала өрттерінің негізгі себебі – бұл бақылаусыз жағу, – деді Айгерім Қабылтаева.

Облыс әкімі Асайын Байханов облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Тулепбаевтан  өрттің  шығуына найзағай себеп болатынын анықтау жолы туралы сұрады. 

– Жалпы резерватта  133 өрттің 127-сі найзағай салдарынан болды.  Өрт найзағайдан болса,  біріншіден ағашқа түседі,  сол ағашта сынық, жарық немесе күйік сияқты найзағайдың іздері қалады. Биыл инспекторлармен он үш тексеріс жүргізілді. Тексеріс нәтижесінде өрттің найзағайдан шыққаны расталды, – деді Руслан Тулепбаев.

 Еске сала кетейік, облыста орман шаруашылықтарын қаржыландыру үш еседен аса өсті.