Мыңдаған павлодарлық Дүниежүзілік тазалық акциясын қолдады
Облыстың қала мен аудандарында сенбілік өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қыркүйектің үшінші сенбісінде бүкіл елдерде «World clean up day» дәстүрлі сенбілік күні ұйымдастырылады. Ауқымды шарадан Павлодар облысының мыңға жуық тұрғыны қалыс қалмай, әр аудан мен қала аумағын жинап, сенбілікке шықты. Дәстүрлі орындардың бірі– Усолка мөлтек ауданында мемлекеттік және ірі кәсіпорын қызметкерлері, университет пен колледж студенттері, еріктілер мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қолғап пен қаптармен жиналды. Барлығын тек бір ғана мақсат болды–қоршаған әлемді ластамай, аялап, қорғау.
Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы, облыстық экология департаменті және "Жасыл ел" штабының ұйымдастыруымен өткен сенбілікте жергілікті тұрғындар атсалысты.
– Қаптар санаулы минут ішінде толтылырылып үлгерді. Жыл сайын сенбілікке қатысушылар артып келеді,– деді облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасында.
Павлодар облысы бойынша экология департаментінің мемлекеттік экологиялық инспекторы Бауыржан Жансейітовтың сөзінше, акцияның арқасында адамдар табиғатпен жақындасып, оны аялауға үйренеді.
– Экологиялық тәрбие, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілік арқылы қалыптасады. Табиғатқа қамқоршылық осындай сенбіліктерде көрінеді. Адамдар бірге жиналып ластанып кеткен жерлерді қоқыстан тазартады. Сондай-ақ, қоршаған әлемді тануға қызығушылық пайда болып, экологиялық мәдениетті насихаттау сияқты қасиеттер қалыптасады,– деді Бауыржан Жансейітов.
Оның сөзінше, облыс бойынша мыңға жуық қатысушы болды. Ал Усолка аумағынан 20 тонна қоқыс шығарылды.
Фото: Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы ұсынды.