Қазақстандықтардың телефон нөмірін сатқандарға қомақты айыппұл салынады
Мұндай жазаға жеке деректерді заңсыз жинап пайдаланғандар тартылады, деп хабарлайды Sputnik КТК сілтеме жасай отырып.
Цифлық даму министрлігі бұлай жеке деректерді оңды-солды тарату заңсыз екенін ескертеді.
Желіде азаматтардың телефон нөмірлерінің базасын сатып алу мүмкіндігі жайлы ақпарат таралған. Онда бұл деректер 2 мың теңгеден бастап сатылған. Нөмірлер базасы әйелдер мен ерлер және ауыл мен қала тұрғындары болып бөлек-бөлек топтастырылыпты. Тіпті нөмірді қолданатын адамдардың жас ерекшелігі сынды әртүрлі аудиторияға арналған деректер базасы да бар екен.
Цифлық даму министрлігі бұлай жеке деректерді оңды-солды тарату заңсыз екенін ескертеді. Былтыр дербес ақпараттар және оларды қорғау туралы заң талабын бұзғаны үшін жеке, заңды және лауазымды тұлғаларға қомақты айыппұл салынған.
"Дербес деректер және оны қорғау туралы заңнамасын бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 79-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік және қылмыстық кодекстің 147-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделген. Құқық бұзушыларды жауапқа тарту үшін өзінің телефон нөмірін осындай деректер базасынан тапқан жәбірленушінің өтініші қажет", - дейді ЦДИАӨМ ақпараттық қауіпсіздік комитетінің бас сарапшысы Ырысты Жалилханова.