Бокстан ӘЧ: Өзбекстан құрамасындағы қазақ жігіті әлем чемпионы атанды
Ташкент қаласында бокстан ерлер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында Өзбекстан құрамасындағы қазақ жігіті Руслан Абдуллаев жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Азия чемпионы, Ташкент төңірегіндегі Қыбырайдың тумасы, 20 жастағы Р.Абдуллаев 63,5 келіге дейінгі салмақта моңғолиялық Чинзорик Батарсухпен шеберлік байқасты.
Бірінші раундта бес төрешінің төртеуі Руслан басым деп тапты. Екінші кезеңде үш қазы жеңісті өзбекстандық боксшыға берді. Қорытынды есеп – 5:0.
Осылайша, Руслан Абдуллаев Өзбекстан қоржынына бесінші алтынды салды.
Р.Абдуллаев бұдан үш-төрт жыл бұрын, Қазақстанға келіп, жастар арасында ел чемпионатына қатысқанымен, жолы бола қойған жоқ. Содан кейін Өзбекстанға қайта оралған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жәнібек Әлімханұлының кәсіпқой бокста Стивен Батлерді нокаутпен ұтқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ бүгін Ташкентте қазақстандық үш боксшы чемпиондық атақ үшін рингке шығатыны хабарланды.
Махмұд Сабырхан өзбек боксшысын қос нокдаунмен ұтып, әлем чемпионы атанды.