KempirTas Challenge: Торайғырда алғашқы акватлон қалай өтті?

KempirTas Challenge: Торайғырда алғашқы акватлон қалай өтті?
фото: Константин Шелков

Бұл Баянауыл жеріндегі осындай форматтағы алғашқы жарыс болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Осы жолы Торайғыр көлі жағажай демалысының емес, KempirTas Challenge beta 1.0 атты спорттық оқиғаның орталығына айналды. Салауатты өмір салтын ұстанатындар көркем көлдің жағасына жиналды. Олар суда олимпиадалық қашықтықты жүзіп өтіп, ерекше қандыағашты тоғай арқылы жүгіріп өтті.

Ұйымдастырушы Теміржан Әбдірахмановтың айтуынша, Баянауыл ұлттық паркі спорттық туризмді дамытуға әлеуеті жоғары.

– Бұл көркем мекен – Қазақстан экономикасының өсу нүктесі деп санаймын. Біз спорттық туризмді ел өңірлерінде дамытып келеміз. Баянауылға алғаш рет павлодарлық спортшы достарымыздың ұсынысымен келдік. Бұл жер спорт сүйетіндер үшін өте қолайлы. Көл таза, қауіпсіз, табиғаты керемет. Мұндай жартастар, таулар мен көлдер әлемде жоқ, – деді Теміржан Әбдірахманов.

Жарыс кезінде Торайғыр көлінің суы +15°C болды, бұл 30 минутқа дейін жүзуге қауіпті емес. Дегенмен, қауіпсіздік мақсатында барлық қатысушылар гидрокостюм киіп, жеке құтқару қалытқыларын пайдаланды. Қауіпсіздікті аудандық ТЖ бөлімі мен жедел жәрдем қызметкерлері қамтамасыз етті.

– Бізді аудан әкімдігі, демеушілер, павлодарлық кәсіпкер достарымыз, сондай-ақ Freedom Team және Die Hard Pavlodar спорт қозғалыстары қолдады. Осындай серіктестік арқылы біз салауатты өмір салтын және Павлодар облысының туристік орындарын насихаттаймыз. Бұл – қоршаған ортаға қамқорлықпен жасалған экологиялық таза бастама, – деп атап өтті ұйымдастырушы.

Жарысқа он әуесқой спортшы – триатлоншылар мен жүгірушілер қатысты. Олар суда 750 метрді жүзіп, тоғай арқылы 2,5 шақырым жүгірді.

Жарыс көл жағасынан басталды. Барлығы гидрокостюм киіп, жарқын жеке құтқару қалытқыларын алып жүруге міндетті болды. Жүзу кезеңі екі үлкен қызыл қалытқыны айналып өтуді қамтыды, оларды оң жағынан айналып өту керек болды. Содан кейін қатысушылар транзиттік аймаққа өтіп, жүзу жабдықтарын шешіп, алдын ала дайындалған жүгіру киімін киді. 

Челлендж жүлдегері Бауыржан Нәзенов жарыстан алған әсерімен бөлісті.

– Таңертең Торайғыр көлі қалың тұманға батып, жаңбыр жауып тұрды. Алайда жарыс басталғанға дейін ауа райы жақсарды. Біраз қобалжыдық, бірақ бәрі ойдағыдай өтті. Баянауылда осындай таза, көркем жарыстың ұйымдастырылғаны қуантады. Бұл – сынақ жүзіндегі болса да тарихи жарыс. Баянауыл болашақта спортшыларды көптеп жинайтын орынға айналады деп сенемін. Бұл жерде ұлы ғалымдар мен тұлғалар дүниеге келген.

Тарихи жарысқа ҚР Қорғаныс министрлігінің подполковнигі, бес баланың анасы және триатлоншы Ұлпан Талап қатысты. Ол бұл челлендж арқылы көркем жермен танысқысы келді. Ұлпан триатлон спортына үш жыл бұрын келіп, содан бері спорттық шараларға қатысып жүр.

– Павлодарда мықты спорт қауымдастығы бар екеніне тағы бір рет көз жеткіздік. Олар челленджді алғашқылардың бірі болып қолдады, жүгірушілер ерікті ретінде қызмет атқарды. Осындай қолдау болғанда, қыркүйекте Торайғырды жүзіп өту қорқынышты емес. Жартастар, таулар, кең дала – бәрін көріп, табиғаттың сұлулығына тәнті болдық. Акватлоннан бөлек, Баянауылда велосипедпен жүріп үлгердік. Бұл жер спорттық шаралардың орталығына айналуы тиіс. Өзім күш-қуат алдым, – деді Ұлпан.

Ол талай жарыстың жүлдегері атанған. Бұған дейін Ironman Kazakhstan «жартылай» жарысында мәреге жетіп, Азия кубогына және Samarkand Challenge сияқты байрақты бәсекелерге қатысқан. Көпбалалы ана – ҚР Қорғаныс министрлігінің офицерлік үшсайыс, шаңғы жарысы және жүзу бойынша чемпионы. Бұл жолы да Ұлпан абсолюттік есепте бірінші орынды иеленді.

KempirTas Challenge beta 1.0 тесттік нұсқа ретінде өтті. Ұйымдастырушылар келесі жылы спорттық шараға веложарыс элементін қосып, үш сайысқа айналдыруды жоспарлап отыр.

Осындай бастаманы астаналық «Спорт, туризм және экология» қоғамдық бірлестігінің өкілдері көтерді. Белсенділердің қоржынында Pikmen атты Шортанды көліндегі жүзу жобасы, «Жүгір» челленджі және спорттық плоггинг бастамалары бар. Биыл павлодарлықтар Бурабайдағы Шортанды көлінің суық суында үш шақырымды еңсерді.

Фотоларды еріктілер ұсынды