«Қызға қырық үйден тыйым»: Екібастұзда әйелдерге арналған семинар өтті
Аталмыш іс-шараға 40-қа жуық әйел қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі.
Екібастұз мешітінде әжелер мектебінің мүшелері қатысуымен өткен семинар әйелдер жамағатына дін мен дәстүрді ұштастыру мақсатымен ұйымдастырылды.
Шараның басты мақсаты – шариғатымыздағы әдеп пен тыйымдарды әрбір жеткіншек қыз баланың бойына сіңіріп, отбасының ұйытқысы, ұяңдықтың символы болуды түсіндіру. Семинарға мешіт ұстаздары мен қауымдастықтың әжелері қатысып, аталған тақырыпты кеңірек ашып берді.
Халқымызда «Қызға қырық үйден тыю, қала берсе, қара күңнен тыю» деген мақал бар. Осыдан қыз бала тәрбиесіне тек қана анасы емес, бүкіл ауыл, ру жауапты болып отырғанын білсек керек.
– Бүгінгі жиын қыз балаларының бойындағы мінез–құлық, жүріс-тұрыс, үлкендер алдында өз-өзін ұстауына, сөз сөйлеу мәнері секілді қыз балалардың бойында қазақы болмысымызға тән қасиеттердің болуын талдау-талқылау, имандылыққа баулу, жастардың өркениетті еліміздің даму талабына сай жан–жақты азамат болып қалыптасуына ықпал ету, ғылым-білімге деген қызығушылығын арттыруға себеп бола алады деген ойдамыз – дейді әйел-қыздар секторының жетекшісі Ақерке Тұрғынбай.
Одан өзге семинарды ұйымдастырушылар дініміздегі әйел адамның мәртебесі мен қоғамдағы рөлі туралы айтып өтті. Бұдан бөлек, жамағат тарапынан қойылған сауалдарға кеш қонақтары жауап беріп, аналарымызға қыз тәрбиесінің маңызын үнемі назардан қалдырмау қажеттігін еске салды.
Айта кетейік, жыл сайын өтетін дәстүрлі іс-шара бірсарында емес, жастармен пікір алмасу түрінде өтті.