Павлодарда мектептердің тазалығы тексерілуде
Жыл басынан бері оннан астам мектеп тексерілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдыралиннің мәлімдеуінше, бөлімде тамақтану бойынша ведомствоаралық сараптамалық топ жұмыс істейді. Оның құрамына депутаттық корпустың, қоғамдық ұйымдардың, ата-аналар қоғамының, БАҚ өкілдері кіреді.
– Ведомствоаралық сараптама тобы жыл басынан бері 16 мектепке мониторинг жүргізді. Осы аптада біз №2, 6, 5, 43 және Байтұрсынов атындағы мектептерде болдық. Оқу жылы басынан мониторинг жүргізу барысында бірқатар бұзушылықтар анықталды, – дейді бөлім басшысы.
Аталмыш бұзушылықтар бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына 3 хат жолданды, олар бойынша мектеп жалға алушыларына қатысты әкімшілік шаралар қабылданды. 4 мектеп директорына қатысты тәртіптік сипаттағы шаралар қабылданды. Оқу жылы басталғаннан бері қала мектептерінде бірнеше резонанстық жағдайлар орын алды. Бұл мектептерде жалға алушыларға санитарлық-эпидемиология басқармасы миллион теңгеден астам айыппұл салды.
– Сараптама тобының негізгі міндеті ата-аналардан тұратын бракераж комиссиясының жұмысын бақылау екенін атап өткіміз келеді. Өкінішке орай, бұл қоғамдық құрылым көбінесе өз жұмысына немқұрайлы түрде қарайды, осы орайда оның мүшелерінің өз міндеттерін байыпты қабылдағанын қалаймыз, – дейді Қуаныш Қыдыралин.
Мектептердегі тамақтану жөніндегі ведомствоаралық сараптама тобының мониторингі жалғастырылатын болады. Сәуірде сараптама тобының кеңейтілген отырысы өтеді, оған бракераж комиссиясының өкілдері, ата-аналар қоғамдастығы және санитарлық-эпидемиологиялық басқармасы қатысады.