Павлодарда судың «көлеңкелі нарығына» тосқауыл қойылды
50-ден астам заңсыз су пайдаланушы жауапқа тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ертіс бассейнінде соңғы үш жылда су аз болғанына қарамастан, Павлодар облысында биылғы суару маусымы тұрақты өтіп жатыр. Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің Ертіс бассейндік су инспекциясы басшысының орынбасары Елеусіз Қамбаров мәлімдеді.
Оның айтуынша, өткен жылдың соңынан бастап Ертіс бассейндік су инспекциясы «ҚазСуШар» РМК-мен бірлесіп суару маусымына кешенді дайындық жүргізген. Су қоймаларында қажетті су қоры жинақталып, фермерлермен түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, электрондық шарттар рәсімделіп, су шаруашылығы нысандары толық дайындалған.
– Биыл Павлодар облысында суармалы егіншілікке 160 миллион текше метр су пайдалану лимиті бекітілді. Қазіргі уақытта 70 мың гектардан астам егістік алқап суарылып, шаруаларға 81,1 миллион текше метр су жеткізілді. Қолда бар су қоры суару маусымын толық қамтамасыз етуге жеткілікті, – деді Елеусіз Қамбаров.
Сонымен қатар, өңірде заңсыз су пайдалануға қарсы бақылау күшейтілді. Су ресурстары министрлігі Бас прокуратурамен бірлесіп әзірлеген «Суды заңсыз сату мен сатып алудың алдын алу жөніндегі жол картасы» аясында прокуратура, полиция және жергілікті атқарушы органдармен бірлескен рейдтер өткізілуде.
Нәтижесінде 53 заңсыз су пайдаланушыға қатысты материалдар қаралып, заңнама талаптарына сәйкес жауапкершілік шаралары қолданылды. Бұдан бөлек, биылғы рейдтердің алғашқы айында ғана рұқсат құжаттарынсыз су пайдаланған екі шаруа қожалығы анықталды. Ал өткен жылы мұндай құқық бұзушылық үшін жеті су пайдаланушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Елеусіз Қамбаровтың айтуынша, су объектілерінен су алуды бастамас бұрын міндетті түрде рұқсат құжаттары рәсімделуі қажет. Бұл талапты бұзған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Қазіргі таңда Ертіс бассейндік су инспекциясы азаматтардың өтініштеріне, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жарияланған мәліметтерге жедел ден қойып, әрбір дерек бойынша тексеру жұмыстарын жүргізуде.
Инспекция мәліметінше, алдын ала қабылданған ұйымдастыру шаралары, су беру режимін тиімді реттеу және бақылаудың күшеюі нәтижесінде Павлодар облысында вегетациялық кезең қалыпты режимде өтіп жатыр.