Павлодарда саябақта сыра ішкен жасөспірімнің ата-анасы жазаланды
Ювеналды полицияның қызметкерлері жазғы демалыс кезінде балалар немен айналысатынын анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Түнгі қаладағы балалар» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында екі күн ішінде облыс орталығының көшелерінде кәмелетке толмаған бала 38 ұсталған. Оның ішінде бір жасөспірім мас күйінде болған.
– Мәселен, 14 жастағы жасөспірім кешкі уақытта Астана - Толстой көшелерінің қиылысындағы саябақта сыра ішкен. Түнгі уақытта сағат 23.00-ден кейін орталық жағалауда кәмелетке толмаған сегіз бала заңды өкілдерісіз жалғыз жүрген. Аталған бұзушылықтар үшін барлық заңды өкілдер жауапқа тартылды, – деді Павлодар қаласы полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің бастығы Қанат Дүйсекенов.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылғы 15-17 шілде аралығында республика аумағында «Түнгі қаладағы балалар» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізіледі.