Ақсу қаласының маңындағы ауыл тұрғындары үшін спорт кешені салынуда
Асайын Байханов мердігерлердің жұмысын тексерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі.
Облыс әкімі Ақсу қаласына барған жұмыс сапары кезінде Пограничник ауылындағы жаңадан тұрғызылып жатқан спорт кешенінің құрылысымен танысты.
Оның аумағында шағын футбол алаңы мен воркаут алаңдары салынды. Құрылыс маусым айының басында басталды. Мердігерлік ұйым 2024 жылдың наурызында барлық жұмыстарды аяқтауды жоспарлап отыр. Бірақ, жұмыстар мерзімнен бұрын аяқталуы мүмкін. Қазір нысанда 27 адам жұмыс істейді.
Жоба бойынша спорт кешенде ойын және күрес залдары болуы тиіс. Теннис залы бөлек орналасады.
Ақсу дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ирина Косареваның айтуынша, Пограничник ауылында 400 адам спортпен айналысады. Оның ішінде кішкентай балалар, жастар мен ересектер бар.
– Жаңа спорт кешенде балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің секциясын ашуды жоспарлап отырмыз. Ауыл тұрғындары волейбол, баскетбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақпен айналыса алады. Жаттықтырушылар да бар, – деді Ирина Косарева.
Асайын Байханов спорт кешенінің құрылысын мерзімінде аяқтау керек екенін атап өтті.