Павлодарда бөлшектелген аялдама қайта орнатылды
Биыл қалада 50 жаңа аялдама павильоны орнатылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Анара Сүлееваның айтуынша, үш аялдама павильонына жылытқыш орнату жоспарлануда.
- Торайғыров, Қамзин, Толстой көшелеріне ашық үлгідегі аялдамалар орнату жоспарлануда. Қазір жылы аялдама павильондарының мекенжайлары анықталуда. Бүгінгі таңда Назарбаев даңғылында «Мешіт» , Ак.Сәтбаев көшесінде «Пошта бөлімшесі» аялдамалар орнатылды, - деді Анара Сүлеева.
Оның айтуынша, жаңа ашық павильондар кассеталық мырышталған болаттан жасалған, лайт бокстары да орнатылады. Жылы аялдама павильондары кондиционермен, бейнекамерамен және екі USB құрылғысымен, лайтбокспен жабдықталады.
– Ескі аялдама павильондарын аялдама жоқ жерлерге орнатамыз. Қаланың шетіне, шығаберістерге көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. «Профимед» медициналық орталығының жанындағы аялдама павильонын өз орнына қайтарамыз. Ол былтыр орнатылды, бірақ биыл жазда қатты жаңбыр кезінде оның астындағы топырақ жарамсыз болып, алынып қалған еді. Қазір бұл бөлік асфальтталды, бөлшектелген аялдаманы орнына қайта орнатып жатырмыз», - деді ол.
Сондай-ақ, маман сынған павильон терезелерін қалпына келтіру үшін ең көбі 3-4 күн қажет екенін айтты.