Ақсу қаласының ауылдарының бірінде жаңа ФАП салынды

Ақсу қаласының ауылдарының бірінде жаңа ФАП салынды
Фото: Константин Шелков

Жаңа мекеменің ауданы 200 шаршы метрден асады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аймақ басшысы Асайын Байханов Ақсу қаласына барған жұмыс сапары барысында Пограничник ауылындағы жаңадан салынған фельдшерлік-акушерлік пунктті көріп қайтты. Медициналық мекемеде үш медбике, бір дәрігер және бір санитарлық қызметкер жұмыс істейді. 

– Бұл нысан ауылдық жерлерде денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған ұлттық жобаның аясында салынды. Облыстың болашағы зор ауылдарында 30 денсаулық сақтау нысаны салынады. Пограничник ауылы осы тізімге кіреді. Жұмыс сапалы орындалған,–деді Асайын Байханов. 

Ақсу ауруханасының директоры Ерлан Шәріповтың сөзінше, бұрын фельдшерлік-акушерлік пункт Пограничник ауылының әкімдік ғимаратында орналасқан. Онда бірнеше кабинет болған. Енді жаңа ғимараттың ауданы - 210 шаршы метр. Сумен жабдықтау мен, электр қазандығы бар. Нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. 

Ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Олар жаңа салынған фельдшерлік-акушерлік пункт үшін алғыстарын білдіруде.

Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсенбиновтың айтуынша, келесі жылы Ақсу қаласының іргесінде тұрған Үштерек ауылында фелдшерлік-акушерлік пункт салу көзделуде.