Павлодарда коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшті
Көктайғақтың алдын алу үшін бірінші кезекте қоғамдық орындарға құм себілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар қаласының ТҮКШ ЖК және АЖ бөлімінің басшысы Нұрбек Қонротбаев мәлім етті.
– Қазіргі қолайсыз ауа райына байланысты коммуналдық қызметтер қарқынды түрде жұмыс істеп жатыр. Аялдамалар мен тротуарларға көктайғаққа қарсы материалдар себіледі, – деді Нұрбек Қонротбаев. –Тұрақты негізде қала көшелеріне тайғаққа қарсы материал себу жұмыстары жүргізіледі. 2023-2024 жылдардың қысқы мезгіліне шамамен 28 мың тонна құм әзірленді.
Оның сөзінше, жалпы қысқы кезеңде күтіп ұстауға қараша мен желтоқсан айларына 600 миллион теңге қаражат бөлінді. Қыс мезгілінде облыс орталығының көшелерін қардан тазалау үшін күнделікті екі мердігер ұйымның– «Горкомхоз-Павлодар» ЖШС және «Холдинг-Трансс-Павлодар» ЖШС 180-200 шақты қызметкері шығады.
– Жалпы 228 техника жұмылдырылады. Автогрейдерлер, Зил, КамАЗ базасындағы құмшашыратқыштар, МТЗ тракторлары, самосвал көліктер, жүк артқыштар шығып, тазалайды,– деп түсіндірді спикер.
Жұмыс екі ауысыммен жүргізіледі. Жұмысшылар таңғы жетіден кешкі сегізге дейін, түнгі тоғыздан таңғы алтыға дейін қызмет етеді.
Қар шығару қаланың қосалқы көшелеріне ауысу арқылы барлық басты көшелерінде, сонымен қатар, айналма көлік жолдарында, жол өткелдерінде, жол айрықтарында және көлік кептелісін болдырмау және көлік қозғалысының қыс мезгілінде тоқтаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қоғамдық көлік қозғалысын қиындататын жерлерде тұрақты жүргізіледі.